Ссылки доступа

АҚШ мемлекеттік департаменті Навальныйды террористер тізіміне енгізуді айыптады


Ресей билігінің түрмедегі оппозиционер Алексей Навальный мен жақтастарын террористер мен экстремистер тізіміне енгізуі алаңдатарлық жағдай. Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс осылай деп мәлімдеді.

Прайс Кремль азаматтық қоғам өкілдеріне қысым жасауын доғарар емес деп мәлімдеп, Мәскеуді Навальныйды дереу босатуға үндеді. "Ресей бейбіт ұйымдарға "экстремизм" деп ат тағуын тыйып, Навальный мен өзге де оппозиционерлерді қудаламауы тиіс" деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.

Навальный мен оның бірнеше серігінің Росфинмониторингтің "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізілгені 25 қаңтарда белгілі болған. Тізімге Навальныймен қоса, Любовь Соболь, Георгий Албуров, Вячеслав Гимади, Руслан Шаведдинов және Лилия Чанышева енгізілген. Реестрге аты-жөні кірген адамдардың банктегі есепшоттары бұғатталады. Оған Ресейде террорлық сипаттағы қылмыс жасады деп айыпталған сотталушылар немесе айыпталушылар енгізіледі.

Бұған дейін бұл тізімге Навальныйдың өзге жақтастары Леонид Волков пен Иван Жданов "қосылған". Қазіргі кезде Волков, Жданов, Соболь, Албуров және Шаведдинов шетелде жүр. Навальный Владимир облысындағы колонияда қамауда отыр. Лилия Чанышева тергеу изоляторында.

2021 жылы маусымда Мәскеу қалалық соты прокуратура өтінішінің негізінде Навальный қорлары мен штабтарын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

XS
SM
MD
LG