Ссылки доступа

Халықаралық ұйым қырғыз журналисі Болот Теміровке араша түсті


Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (CPJ) қырғыз журналисі Болот Теміровтің ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Журналист-зерттеуші Болот Теміровтің құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткіні әдейі тастады деп айтқаны беделді ұйым таратқан мәлімдемеде берілген.

«Қырғызстан билігі журналист Болот Теміровтің есірткі тастады деп милиця қызметкерлерін айыптауын әділ тергеуі тиіс. Сонымен бірге, журналист құрған жаңалықтар агенттігіне жұмыс істеуге кедергі келтірмеуі керек», - делінген ұйым мәлімдемесінде. Комитет Қырғызстанның ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне хат жолдаған, бірақ оған жауап алмаған.

22 қаңтарда журналист әрі Temirov LIVE YouTube-арнасының негізін қалаушы Болот Теміров ұсталды. Оның кеңсесі тінтілді. ІІМ журналисті «заңсыз есірткі дайындады» деп айыптап отыр. Дәл осындай күдікпен ақын Болот Назаров та ұсталды. Ол Temirov LIVE арнасының журналистік зерттеулерін жырға қосқан.

23 қаңтарда кешке оларды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты. Осы аптада әлеуметтік желілерде Болот Теміров пен Болот Назаровқа қатысы бар аудио мен видео таралды. Күмәнді аккаунттар арқылы таралған бұл жазбалардың жасырын түсірілгенін байқауға болады.

XS
SM
MD
LG