Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан журналистерді тергеп жатыр, арасында Азаттық тілшілері де бар


Алматыда қаңтар оқиғасынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы мен оператор Санат Нұрбековті прокуратураға шақырды.

Прокуратураның Азаттыққа жолдаған қаулысында тілшілердің 5 қаңтар күнгі оқиғаға байланысты шақыртылып отырғаны жазылған.

Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының сөзіне қарағанда, тергеуші тілшілерден 5 қаңтар күнгі оқиғаға байланысты сұрақтар қойып, видео бар-жоғын сұраған. Сұрақ-жауап жарты сағатқа созылған. Тілшілердің жанында адвокаты Айман Омарова болды.

Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты журналистер алғаш рет тергеуге шақырылып отырған жоқ. Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде құқық қорғау органдары журналистерді шақырып, тергеген. 12 қаңтарда Ақтөбеде полиция наразылықтан хабар таратқан Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді үш сағат тергеп, босатқан.

7 қаңтарда Орал соты митингіден ақпарат таратқан журналист Лұқпан Ахмедияровты 10 күнге қамады. Ақмола облысында әлеуметтік желіде "Тоқаев Путинге есеп берді..." деп жазба жазып, президентке сұрақтарын бағыттаған Kokshetau Asia сайтының редакторы Нұржан Баймулдин қамалды. Сот оны "төтенше жағдай кезінде тәртіптің бұзылуына ықпал ететін әрекет жасады" (478-бап) деп таныған.

Қаңтар айындағы наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде түрлі өңірде полиция оқиғадан ақпарат таратқан журналистерді ұстап, кәсіби қызметіне де кедергі келтірген. 5 қаңтарда Алматы мен астанада полиция Азаттықтың екі тілшісін күшпен ұстап, кейін босатты. Ұсталған журналистердің айтуынша, олар жилет киіп, қолдарына "Пресса" деген жазуы бар матаны таңып алған. Бірақ полиция соған қарамастан ұстап әкеткен. Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі наразылық кезінде 18 журналистің ұсталғанын хабарлаған.

Бұл уақытта тәуелсіз журналист Махамбет Әбжан өзіне қатысты тағы бір қылмыстық іс ашылғанын хабарлады. 147-бап 5-бөлім ("Жеке өмірге қол сұқпау және дербес деректі қорғау заңын бұзу"). Алматы аудандық полиция басқармасы. Қорғануға құқығы бар куәгермін. Іс ABZHAN NEWS телеграм арнасындағы жазбамен байланысты. Екі сағат тергеуде болдым" деп жазды журналист телеграм арнасында.

Телеграм жазбада журналистке "қоқан-лоқы жасады" делінген адам туралы мәлімет келтірілген.

Бұл наразылықтардан белсене хабар таратып, шенеуніктерге өткір сұрап қойып жүрген журналист Махамбет Әбжанға қатысты ашылған екінші қылмыстық іс. 5 қаңтарда оның үстінен 274-баптың 2-бөлігі 3-тармағы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол істе журналист – қорғануға құқығы бар куәгер атанған.

Бірінші істің ашылуына адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, журналистің 4 қаңтарда астанадағы митинг кезінде "Дождь" телеарнасына берген сұхбаты түрткі болған. Онда журналист наразылықтың себебі мен халықтың билікке қойып отырған талап-тілектері жөнінде айтады.

– Адвокат ретінде айтарым, бұл жерде Махамбет Әбжан ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның біреу сұрақ қойған кезде жауап беруіне, пікірін айтуға құқығы бар. Сұхбат бергені үшін адамды қылмыстық іске тартуға болады деп ойламаймын. Қазір менің жұмысым – осы қылмыстық істі қысқарту. Қазір оған өтініш-талап тілектерімді дайындап жатырмын, - деген еді адвокат.

Астана полициясы әзірге іс бойынша түсініктеме бермеді.

Қаңтар оқиғасы кезінде наразылықтардан хабар таратып, кейін екі аптаға жоғалған журналист Махамбет Әбжан 20 қаңтарда байланысқа шығып, өзінің қылмыстық іске тартылғанын хабарлаған еді. Ол іс бойынша ақпарат бермеу туралы қолхат берген, сол себепті істің жай-жапсарын толық айта алмайтынын де жеткізген.

Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге ұшырайды. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінде полиция ақпарат құралдарын шақырып, тергеген.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

XS
SM
MD
LG