Ол елдегі тәртіпсіздікке "бандиттер мен террористер" ғана кінәлі деп, бірақ бұған байланысты қандай да бір дәлел келтірген жоқ.
Қаңтар қырғынынан кейін Тоқаев 29 қаңтарда бірінші рет мемлекеттік "Хабар" агенттігіне сұқбат беріп, соңғы оқиғаларды "содырлардың шабуылы" деп бағалап, қазақ елі бұл оқиғаны өзі зерттеп, бағасын беруге қабылетті екенін айтты.
"Халықаралық деңгейде зерттеу талабына келсек, ондай қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Өзімізде шыншыл, бейтарап зерттеушілер бар", - деді.
Еуропарламент 20 қаңтарда "Қазақстан халқына қаратып жасалған шабуылды халықаралық деңгейде зерттеуге" байланысты резолюция қабылдаған. Еуропарламент депутаттары қаңтар оқиғасында адам құқығын бұзғаны үшін Қазақстан шенеуніктеріне қарсы санкция салу мәселесін көтерген.
Тоқаев бұл резолюцияны "алдын ала айтылған бір тарапты баға" деп атады.
Қазақстанда наразылық толқыны 2 қаңтарда басталған. Ол Маңғыстау облысында және Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап еткен митингтен басталған. Кейін бұл саяси рең алып, Алматы мен басқа қалаларда жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев наразылыққа шыққандарды “халықаралық деңгейде дайындықтан өткен террористер” деп атап, “ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін” айтқан. Алматыға “20 мыңдай террорист келгенін” мәлімдеген. Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымының әскері Қазақстанға кіріп, жағдай тұрақталғаннан кейін қайта шығып кетті.
Қанды қырғын кезінде 227 адамның өлгені хабарланды. 10 мыңға жуық адам ұсталғаны, 700-ден астамына қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.