Ссылки доступа

Өзбекстан президенті 63 жазасын өтеушіге рақымшылық жасады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев түрмеде жазасын өтеп жатқан 63 адамға рақымшылық жасады деп хабарлайды "Өзбекстан 24" телеканалы.

Президент жарлығына сәйкес, істеген ісіне өкініп, түрмеде отырған кезде реабилитация жолына түсуді көздеген 44 адам бостандыққа шықса, 19 адамның қамаудағы мерзімі қысқартылады.

Телеканал мәліметіне қарағанда, рақымшылыққа шыққан адамдардың бәрі абақтыда отырғанда түрлі кәсіп бойынша оқып, тиісті сертификаттар алған.

Бұдан бөлек бостандыққа шыққандарға бір жолы материалдық жәрдем берілетіні хабарланды. Сонымен бірге мемлекет оларға жұмысқа орналастыруға, кәсіп ашу үшін несие алуға, зейнетақы алуға және жеке куәлік алуға көмектеседі.

Өзбекстанда соңғы рет рақымшылық Конституция күні қарсаңында жарияланып, 182 адамға кешірім берілген.

XS
SM
MD
LG