Ссылки доступа

Түркіменстан түрмедегі тұтқындар саны бойынша алдыға шықты


Көрнекі сурет

Түркіменстанда әрбір 100 мың тұрғынға 576-дан астам қамаудағы адам бар. Осылай деп әлемдегі түрмелер жөнінде мәліметті жариялаған World Prison Brief сайты хабарлады. 

Ақпаратқа сәйкес, Түркіменстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде үшінші орында. Бірінші орында әрбір 100 мың адамға 629-дан қамаудағы адам сәйкес келетін АҚШ тұрса, екінші орында 580 адаммен Руанда тұр.

Орталық Азия бойынша Қазақстанда әрбір 100 мың адамға 177, Қырғызстан- 161,Тәжікстан - 83 және Өзбекстанда 68 адамға сәйкес келеді.

Сайт мәліметінде Түркіменстан халқы 6 миллион 80 мың, қамаудағылардың саны 35 мың адам деп көрсетілген.

Түркімен билігі сотталғандар жөнінде ресми мәлімет жарияламайды.

Былтыр ақпанда Орталық Азия бойынша сараптама орталығы түркімен түрмелерінде 35 мыңға жақын адам бар екенін, бұл өлкедегі түрмелер саны нормадан үш есеге көп екенін мәлімдеген.

Азаттықтың түркімен қызметі өз дереккөздеріне сүйеніп жариялаған мәліметке қарағанда, абақтыда 51 мыңнан астам адам отыруы мүмкін. Бүгінде Түркіменстанда халық саны 3 миллионға жетпейді.

Халықаралық ұйым өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылар түркімен абақтысына кіруге рұқсат ала алмай келеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне қарағанда, Түркіменстан түрмелерде азаптау кеңінен жайылған елдер қатарында. Бұдан бөлек Түркіменстанда қамаудағы адамдардың ұшты-күйлі жоғалып кететіне байланысты мәселе де түбегейлі зерттелген емес.

XS
SM
MD
LG