Ссылки доступа

Жаңаөзендіктер Нұр-Сұлтанда жұмыс талап етіп пикет өткізді


1 ақпанда Жаңаөзен қаласының бірнеше тұрғыны Нұр-Сұлтанда пикет өткізді. Олар жұмыссыздықты азайтып, өздерін мұнай саласына тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етеді.

Марат Жанғаштиев, Ақжол Шәми, Асылбек Бейсембай Ақордаға қарай көтерілетін баспалдақ алдында плакаттарын көтерді. Онда "Жұмыссыздық жойылсын!", "Өзенмұнайгазға" жұмысқа орналастырсын!", "Әділетсіздік жойылсын!" деген жазулар жазылған. Оларды арнайы жасақ Ақордаға қарай өткізбеді.

Пикетшілердің айтуынша, Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгаз" компаниясына жұмысқа кіру үшін 2017-2018 жылдары кезекке тұрғанымен. бес жыл өтсе де кезек қозғалмаған, бірақ жақында қала әкімі жұмыссыздармен кездесуде 1714 адамның жұмысқа орналасқанын айтқан.

Ешқандай тамыр-таныссыз не парасыз өз бетіңмен жұмысқа тұру мүмкін емес дейді олар.

30 жастағы Марат Жанғаштиев жергілікті тұрғындарға берілетін жұмыс кезегінде №69 болып тұрса да осы күнге дейін ештеңе өзгермеді дейді. Шағын жер үйдегі бір бөлмеде 8 адам тұрып жатырмыз деген ол жұмыссыз екенін айтып налыды. Жанғаштиев үлкен ағасының 2011 жылы Жаңаөзенде полиция мұнайшылардың митингісін оқ атып таратқан кезде құқық қорғау органын қызметкерлерінің қолына түсіп, соққы алған соң мүгедек болып қалғанын айтады. Кіші інісі де туа біткен мүгедек.

– Маңғыстаудағы құзырлы органдардың бәрінде болдым. Министрліктерден де, президент әкімшілігінен де сырғыма жауаптар алдым. Бәрі күте тұр дейді. Нені күтемін? Күткеніме 22 жыл болды. Мектепті де аяқтамадым. 15 жасымнан жұмыс істеп келемін. Бүгін осы мәселені шешпей кетпеймін. Аштық жариялап, осы жерде боламын. Қамаса қамай берсін. Президент Тоқаев "Жаңа Қазақстан" болады деді. Мен соған үміттеніп келдім, – деді ол.

Оның сөзін Ақжол Шәмиде қолдады.

– Үш балам бар. Әйелім жұмыссыз, кіріс жоқ үйде. Ешкім жұмыс істемейді. Жұмыс кезегінде №96 болып тұрмын. 170 мың теңге жалақысы бар жұмыс берген, бірақ ол ақша жетпейді. Несие бар, балаға қосымша сабақтарға ақша керек, балабақша бар. Біз мұнайлы қалада тұрып неге жоқшылық көреміз? – дейді ол.

Жиналғандарды полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ бақылап, видеоға түсіріп тұрды. Аздан соң оларға Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық әкімдігінің өкілі келіп рұқсатсыз пикет өткізіп тұрғандарын айтып, тарамаса құқық қорғау органдары жазалайтынын ескертті. Бірақ наразылар кетпейтінін айтты.

Кейін полиция өкілдері олардан еңбек министрлігінің күту залына кіруді сұрап, министрлік өкілі сонда келіп жолығатынын айтты. Сонда барған жаңаөзендіктерге еңбек министрінің кеңесшісі Шыңғыс Сұлтанбек шығып, мәселелерін тыңдаған. Артынша Азаттыққа хабарласқан Марат Жанғаштиев еңбек министрлігі және "Қазмұнайгаз" өкілдерімен кездесу 2 ақпанда да жалғасатынын хабарлады.

Қаңтар митингісіне кейін де Жаңаөзенде наразылық толастаған жоқ. Өткен аптада жұмыссыз жастар жұмыс талап етіп әкімдік алдына жиналды.

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев 25 қаңтардағы үкімет отырысында жасаған мәлімдемесінде өңірді дамытудың кешенді жоспарын жасағанын, ол жүзеге аса бастағанда аймақта 55 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG