Ссылки доступа

Энергетика министрі "газ наразылығы" жөнінде: Алдағы уақытта мұндай эксцесске жол бермеуге тиіспіз


Энергетика министрі Болат Ақшолақов 3 ақпан күнгі брифинг кезінде Азаттықтың жуырдағы наразылықтың ықтимал себептері туралы сұрағына жауап берді. Ведомство басшысы "қателіктер қайталанбауы тиіс" деді.

— Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермес үшін осы кезеңге (жанар-жағармайдың құнын көтеруге 180 күн мораторий енгізу) жаңа ереже қарастыру керек. Оқиғаның жай-жапсарын қазып, кінәлілерді іздеумен басқа мемлекеттік органдар шұғылданып жатыр. Ал біздің міндетіміз - алдағы уақытта мұндай эксцесске жол бермеу, баға күрт өспес үшін жаңа реформа жасау, тұтынушылардың құқықтарын бұзбау, өндірушілердің құқықтарын шектемеу, - деді Ақшолақов.

Ықтимал қателіктерге тоқталған министр "бірінші кезекте әу баста тапшы болып тұрған өнімді биржаға шығару қиын" болғанын айтты.

— Биржамен саудаласудың мәні алыпсатарлар көретін пайданы үлестіру талпынысында жатыр. Олар өнім өндірісіне жауап бермейді. Бірақ бұл бөлшек саудадағы бағаның күрт өсуіне алып баратынын ескермеген. Қателік осында шығар. Қазір әзірлеп жатқан ережелерде соны мұқият ескеру керек. Сол себепті бізге уақыт беріңіздер, – деді министр.

Ақшолақовтың айтуынша, сұйытылған газ тұтынушылары көп, өндірушілер шектеулі болғандықтан газ тапшылығы да ірі мәселеге айналды. Оның сөзіне қарағанда, барған сайын өсіп бара жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін газ өндіретін жаңа зауыттар керек.

Журналистер брифинг кезінде қарашада Жаңаөзенде сұйытылған газ өңдейтін зауыт салу үшін 147 млрд теңге (338 млн доллар) қажеттігі айтылғанын, бірақ көп ұзамай бұл санның 168 мрд теңгеге өзгергенін еске салды. Зауыт құрылысы құнының күрт қымбаттауын министр "курс айырмашылығымен" түсіндірді, себебі зауыт жабдықтары шетелден сатып алынады.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықтың наразы көңіл-күйінің өсуіне өзге мекемелер мен ұлттық компаниялармен қатар Энергетика министрлігін де кінәлаған. Ақпаратқа қарағанда, сұйытылған газды биржа саудасына шығарғандықтан баға екі есеге қымбаттаған, соның салдарынан халық көтерілген. Жыл басында Энергетика министрлігі нарық механизмі мен электронды саудаға көшу сұйытылған газдың бағасын реттеуге көмектеседі деп айтқан.

4 қаңтарда Ақтауда жүрген үкімет комиссиясы Маңғыстау облысында сұйытылған газ құны 50 теңгеге арзандағанын хабарлаған. Сол күні кешке жергілікті ақпарат құралдары Ақтөбеде де сұйытылған газдың арзандағанын хабарлады. Ал бұл уақытта наразылық Қазақстанның өзге өңірлеріне жайылып үлгерген еді. Экономикалық талаптарға саяси талаптар қосылды. Бірқатар қалаларда наразылық қантөгіске ұласты. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 227 адам қаза болған, 19-ы – күштік құрылым өкілдері.

XS
SM
MD
LG