Ссылки доступа

Ориф Ходжазода: былтыр тәжік-қырғыз шекарасының 81 шақырымы белгіленген


Тәжікстанның Жер басқару және геодезия комитетінің басшысы Ориф Ходжазода, Душанбе 4 ақпан 2022 ж.

Тәжікстанның Жер басқару және геодезия комитетінің басшысы Ориф Ходжазода Төрт-Көчө аймағындағы 275 метр телімі тәжік жеріне тиесілі екенін, оны Қырғызстан арзан бағаға 49 жылға жалға алғанын мәлімдеді. 

"Топографиялық топтың жетекшісі ретінде айтар болсам, бұл телімге 2009 жылы Қырғызстанға символикалық бағаға 49 жылға жалға берілген. 1924-1929 жылдардағы құжаттарға және 1989 жылдағы паритеттік комиссия материалдарына сәйкес, ол талассыз Тәжікстан жері болып есептеледі", - деді Ходжазода 4 ақпанда Душанбеде өткен баспасөз мәслихатында.

Төрт-Көчө деп аталған 275 метрлік телім арқылы Ош-Баткен-Исфана жолы және Ворух анклавын Тәжікстанның негізгі аймағымен байланыстыратын жол өтеді.

Өткен аптада қырғыз президентінің Баткен облысындағы өкілі Абдикарим Алимбаев аталған жер телімі құқықтық мәртебесі анықталмаған таласты жер екенін айтқан.

"Төрт-Көчө телімі әзірге ешкімге тиесілі емес. Қазір бұл жерді екі елдің азаматтары да теңдей қолданады. Шекара бір тарапты шешілмеуі тиіс. Қазір бұл жерді тәжік тарабы біздікі деп жатыр, бұл дұрыс емес", - деген Алимбаев.

Ориф Ходжазода шекараны белгілеу бойынша екі өлкенің топографиялық топтарының кезекті кездесуі жақын күндері өтетінін жеткізді. Оның сөзінше, 2021 жылы тараптар 81шақырым жерді белгілеген.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының жалпы ұзындығы 970 шақырымдай болса, оның 519 шақырымы ғана белгіленген.

XS
SM
MD
LG