Ссылки доступа

Әндіжанда мектеп директорларынан "ар хатын" талап етіп жатыр 


Әндіжанда мектептердің басшыларының бірі Азаттықтың өзбек қызметіне (Озодлик) директорлардан "пара алмаймыз деген қолхат" алып жатқанын растады.

"Әндіжанда 3 ақпанда №41 мектептің директоры 500 доллар көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған. Енді жергілікті білім беру басқармасы мектеп директорларынан "пара алмаймыз" деген қолхат жаздырып алып жатыр. Менің өзім дәл осындай хат жаздым", – деді әндіжандық мектеп директоры.

Тағы бір мектептің директоры бұл ақпаратты растады. "Мектеп директорлары қолхат жазған хатты ешкім оқымайды ғой шын мәнінде", – дейді ол.

Ол сонымен бірге соңғы кезде Өзбекстанда мектептерде сәнге айналып кеткен "Алау айналасында" деген шара жөнінде айтты. Оның сөзінше, қазір Әндіжанда кешкі 22:00-дан кейін мектепте оқушылардың қатысуымен от жағып, осындай шара өтеді. Онда оқушылар ән айтып, би билейді.

Мұндай шараны өткізу жөнінде Әндіжан білім беру басқармасы бұйрық берген.

"Адамның санасы бар емес пе?! Президенттің айтқан сөздерін тура мағынасында қабылдай беруге болмайды ғой. Мәселен адам басым айналды десе, 360 градусқа айналғанын білдірмейді ғой. Президент бір шарада "мектептерде алау жанып тұру керек" деді. Ол мектеп өмірі "қайнап тұруы керек" дегенді айтты. Ал шенеуніктер мұны тікелей түсініп, алау жаққызып жатыр", – деп ашуланады мектеп басшыларының бірі.

Былтыр Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мектеп мұғалімдерінің жалақысын 1000 долларға жеткіземіз деп уәде берген. Бірақ бұл уәде сөз күйінде қалып тұр. Қазір мектеп мұғалімдері 200 доллар көлемінде айлық алады.

Өзбекстанның мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жыл бойынша ең төменгі жалақыны білім мен денсаулық саласының қызметкерлері алады.

XS
SM
MD
LG