Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасына қатысты қоғамдық комиссия жетекшісі "азаптау көбейгенін" айтты


Қаңтар оқиғасын тергеу жөніндегі "Ақиқат" қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Айман Омарова осы оқиғадан кейін "азаптаудың көбейгенін" айтады. Ол бұл туралы Tengrinews сайтына берген сұқбатында айтқан.

"Жай күндері мұндай іс көп емес, сондықтан азаптаулардың қалай өтетіні көзге аса көрінбейтін. Ал бұл жолы жаппай болып жатыр" дейді адвокат.

Жақында билік 7 қаңтарда "шамадан тыс күш қолдану", заңсыз ұстау, азаптау мен дөрекі қарым-қатынастың ықтимал жағдайларын мойындаған еді.

Күш құрылымдары "адам сол жерде [митингте] жүрсе, демек жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген тұжырым жасап отыр" дейді. "Оның сол жерде жүргенін негізге алып, оны терроризм я жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыптап отыр" дейді Айман Омарова.

Бұған дейін бас прокуратура полицейлердің "тергеу кезінде заңсыз әдіске жүгінуі" бойынша 148 шағым келіп түскенін хабарлаған. 105 фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қаңтар оқиғасына қатысты 10 мыңға жуық адам ұсталып, жүздегені қамауға алынған. Үш мыңға жуық іс тергеліп жатыр.

Қазақстан билігі қаңтар қырғынында кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлағанмен. олардың аты-жөнін әлі күнге дейін жарияламады. Құқық қорғаушылар биліктің шамадан артық күш қолданғанына, халыққа оқ атуына, ұсталғандардың азапталуына алаңдап отыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, тергеу изоляторларында азаптауға ұшыраған адамдар туралы мәлімет көп шығып жатыр.

XS
SM
MD
LG