Ссылки доступа

HRW қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тартуды ұсынды


Осы аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот видеоформатта кездесу өткізді.

Конференция барысында HRW өкілі қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тарту қажеттігін атап өткен. Дегенмен Қазақстан СІМ-нің кездесу туралы ресми хабарламасында ол жөнінде ақпарат болмай шықты.

Қазақстан СІМ кездесу туралы қысқа хабарлама таратты. Онда ведомствоның Human Rights Watch ұйымымен қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша "диалог жүргізе бастағаны" жазылған.

"Тараптар Қазақстандағы "Қасіретті қаңтар" оқиғалары аясында адам құқығы саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау мәселелерін талқылады" деп жазылған министрліктің 8 ақпан күнгі хабарламасында.

Онда "президент тапсырмасына сай, құқық қорғау органдары қарулы тәртіпсіздікті жан-жақты толық зерттеуі тиіс" екені жазылған.

Министрліктің хабарлауынша, Кеннет Рот "Қазақстан билігінің диалог пен ынтымақтастыққа ашықтығын және адам құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін растауын" құптаған.

Кездесу барысында тараптар қаңтар оқиғасының жан-жақты зерттелуіне мүдделі екенін атап өткен. Тілеуберді "Қазақстанның тергеу органдары әрбір азамат пен халықаралық қауымдастықты алаңдатқан әрбір жағдайды қарауға дайын" екенін айтқан. Екі жақ "диалогты жалғастыруға" келіскен.

Ал Human Rights Watch ұйымы кездесуден кейін жариялаған хабарламасында "Қазақстан үкіметі қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығының өрескел бұзылуын зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақыруы тиіс" деп мәлімдеді.

"Қазақстан қаңтар оқиғасын зерттейтінін және комиссия құратынын жариялады, бірақ бұған дейін үкімет мұндай істерді әділ әрі жауапкершілікпен атқара алмаған. Халықаралық және ұлттық зерттеушілерден құралған аралас (гибридті) зерттеу оқиғаның жан-жақты зерттелуіне жақсы мүмкіндік береді" деді HRW атқарушы директоры Кеннет Рот.

Ұйымның хабарлауынша, Рот кездесу барысында осы мәселені қозғаған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен сарапшылар да атап айтқанда, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, БҰҰ сарапшылары, АҚШ, ЕО-ның адам құқығы жөніндегі уәкілі қаңтар оқиғасын жан-жақты тәуелсіз зерттеуге шақырған.

"[Зерттеу] тәуелсіздігіне кепілдік беретін жалғыз жол – ұлттық-халықаралық дәрежеде зерттеу жүргізу" деп жазылған ұйым сайтында.

Ұйымның пікірінше, фактілерді анықтайтын мұндай зерттеуге жеткілікті ресурс қажет, тәуелсіз әрі ашық жүргізілуі тиіс. Бұған қоса, үкімет ақпаратына да қолжетімділік болуы керек. Зерттеу 4-6 қаңтар күнгі наразылық кезінде қаза болғандардың өлімінің жай-жапсарын ашып, күштік құрылымдардың оған қатысы, азаптау мен билік өкілетін асыра пайдалану фактілерін қамтуы тиіс.

Ұйымның пікірінше, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар сілтей алады.

HRW Қазақстан билігінің бұған дейін адам құқығын өрескел бұзу фактілерін зерттеп, тексеру бойынша сәтсіздікке ұшырағаны туралы құжат түрінде айғақтары барын айтады. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын да мысалға келтіреді.

XS
SM
MD
LG