Туған жерін қатты сағынғаны байқалған.
Қазақстанда бірнеше жыл бұрын "алауыздық тудырды" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығы шектелген саяси белсенді шектеуге қарамастан 2016 жылы шілдеде Қазақстаннан кеткен еді. "Белсендіні енді не күтіп тұр?" деген сұраққа Жанар Балғабаева былай жауап береді.
– Біріншіден, сот қаулысы бойынша ол әлі 2 жыл 5 ай жазасын өтеуі тиіс. "Шекараны заңсыз кесіп өту" ісі бойынша айтсақ, бұл іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жабылуы тиіс немесе амнистияға ілінуі керек. Қазір біз Ғалыммен (Нұрпейісовпен) бұл іс бойынша сот тергеуі басталды ма деп сұрап жатырмыз. Егер басталса, іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты аяқталуы тиіс. Егер басталмаса, амнистияға ілінуі керек. Екі жыл бес ай жаза бойынша да көреміз. Ол бойынша да сот үкімінің күшінің жойылуына күш саламыз, – деді адвокат Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.
Ол бейсенбі күні де өзі қорғап отырған азаматқа кіріп шығатынын айтты.
2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбай мен Серікжан Мәмбеталинді Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабының үзіндісін әлеуметтік желіге жариялағаны үшін соттаған. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбай үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айырылған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбай мен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбай тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбай Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.
Ермек Нарымбай 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбайды төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.