Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда марафоншыны полиция ұстап, белсенділерді үйінен шығармаған


13 ақпанда Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысының кей өңірлерінде Қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алып, қаралы митинг өткізуге тырысқандардың үйін полиция күзетіп, кейбірін көшеден алып кеткен.

Танымал марафоншы Марат Жыланбаев та бұл күні үйін полиция өкілдерінің қарауылдағанын айтады. Ол жекеменшік үйінің басқа қақпасынан көлігімен шығып, Нұр-Сұлтанда митинг өтуге тиіс қалалық әкімдік маңына келген.

- Көлігімді әкімдікке жақын маңдағы стадионға қалдырып, әкімдікке дейін жүгіріп келдім. Полиция байқап қалып тоқтатпақшы болды. "Жүгіріп жүрмін" деп әрі қарай кете бердім. Бір топ полиция қуды. Әкімдік алдын қоршап қойған шарбақтан секіріп өтіп, мойныма салып алған Қазақстан туын жайып ұстап жүгіре бердім. Ұстап алып Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесіне әкелді,- деді ол.

Ол жерде марафоншыны суретке түсіріп, шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязовқа қатысы бар-жоғын сұраған.

- Тоқаевтың бұйрығынан кейін полиция мен әскердің бейбіт адамдарды атқанына 40 күн болды. Соны еске алуға келдім дедім. Үш сағаттан соң жіберді. Бұл жер маған бұрыннан таныс, осымен төртінші мәрте келіп тұрмын,- дейді Жыланбаев.

Марафоншы өзімен бірге полиция бөлімшесінде Қуат есімді белсенді мен тағы бір қала тұрғыны болғанын айтады. Олардың бірін митингіге, екіншісін саяси қуғын-сүргін ескерткішіне гүл шоғын қоюға барғанда ұстап алып кеткен.

Полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Алмаз Матайды да 13 ақпанда таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан жерінен ұстап алып кетті. Азаматтық белсенділер Нұрсұлтан Тастаев, Әсет Кенжебеков, Марат Мұсабевтың есіктерін полиция күзетті. Бұл туралы белсенділер Facebook желісінде хабарлады.

Жексенбі күні таңертең Көкшетау қаласынан Марат Жанұзақовты учаскелік полиция үйінен алып кетті. Бұл туралы оның қызы Айман Жанұзақова Facebook парақшасында хабарлады. Бұл күні Ақмола облысының Шортанды ауданында тұратын азаматтық белсенді Амангелді Жахин де полиция бөлімшесіне шақырылды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз орталығы Марат Жанұзақовтың "қылмыстық іске куәгер" ретінде шақырылғанын хабарлады. Бірақ қандай іс екенін нақтыламады.

Бұл күні еске алу жиындары Қазақстанның көптеген өңірінде өтті. Оның көбі полицияның қудалауымен аяқталды. Маңғыстау облысының Жетібай кентінде ауыл тұрғындары қой сойып, Қаңтар қырғыны құрбандарының рухына дұға оқыды.

13 ақпанда Алматыда Қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алуға арналған митингі өтті. Митингіде белсенділер, саясаткерлер, қала тұрғындары биліктің бейбіт халыққа оқ атқанын айыптап, осы оқиғадан кейін түрмеге қамалғандарды азаптауды доғаруды, ұсталғандарды босатуды талап етті. Шара кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтылған.

XS
SM
MD
LG