Ссылки доступа

Қырғызстан "олигархтарға" тиесілі 17 жоғары оқу орнын жабады


Қырғызстанда медициналық білім беретін 17 жекеменшік оқу орны жабылады. Бұл туралы Азаттық радиосының қырғыз қызметіне денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшенәлиев хабарлады.

Министр жоғары оқу орнының әрқайсын өзі тексергенін айтты. Елде талапқа сай мекемелер ғана жұмыс істейтін болады, дейді ол.

Бейшенәлиевтің айтуынша, жекеменшік жоғары оқу орындарының қожайындары арасында "олигархтар, депутаттар, бұрынғы премьер-министрлер" бар.

"Кәсіпке айналған - мүмкіндігі барлар институттар мен университеттер ашып алған. Қомақты ақша айналып жатыр. Бірақ білім сапасы төмен. 10-15 жылдан соң бізді кім емдейді деген сауалға жауап беруіміз керек. Оқымаған, әупірімдеп оқу бітіріп алған дәрігерлер елдің генофондына зиян тигізуі мүмкін", - дейді министр.

Бейшенәлиевтің айтуынша, елде медициналық білім алуға болатын үш мемлекеттік жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Қалған 21-і - жекеменшік білім беру мекемесі.

XS
SM
MD
LG