Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасы: Азаптау мен заңсыз тергеу әдістеріне байланысты 178 қылмыстық іс ашылған


Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін күштік құрылымдардың әрекетіне байланысты прокуратураға 363 шағым түскен, азаптау және тергеудің заңсыз әдістері бойынша 178 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

16 ақпанда кешке Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі төрағасының орынбасары Елдос Қилымжанов осылай деп мәлімдеді. Қоғамда резонанс тудырған 8 іс арнайы прокурорлар өндірісіне алынған. Арасында Атырауда "Динамо" спорт кешенінде болған жағдай мен Алматы облысында Азамат Батырбаев пен кәмелетке толмаған Есболатұлының азапталуы бойынша істер бар.

Сәрсенбі күні Бас прокуратура брифингісінде қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер мен өзге де деректер айтылды. Ең негізгілері төмендегідей:

  • Елде қаңтар оқиғасына байланысты сотқа дейінгі 3096 іс тіркелген. Арнайы прокурорлар жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі бойынша 181 істі тергеп жатыр.
  • 741 күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Ведомство мәліметінше, 113-і – бұрын сотталған, 42-і – экстремистік ұйым өкілі (қай ұйымдар екенін нақтыламады, бірақ билік бұған дейін құқық қорғаушылар даулы шешім деп атаған ұйым өкілдері барын айтқан), 35-і – ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі.
  • 157 күдіктінің бұлтартпас шарасы денсаулығы және өзге жайттарға байланысты қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.
  • Тәртіпсіздікке қатысы жоқ 103 адам уақытша қамау изоляторынан босатылған.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде 1726 адам медициналық көмекке жүгінген: 673-інде оқ жарақаты болған, 469 адам пышақ немесе үшкір заттармен жарақаттанған, 431 адамның өзге дене жарақат түрлері болған. Алматыда – 686 адам, Алматы облысында – 336, Қызылорда облысында – 164, Жамбыл облысында – 153, Шымкентте – 126, Шығыс Қазақстан облысында 126 адам медициналық көмекке жүгінген. Ресми ақпарат бойынша, олардың кейбірі "мемлекеттік нысандарға шабуыл кезінде" жараланған.
  • "Тәртіпсіздік" кезінде 3 мыңнан астам әскери қызметкер және құқық қорғау орган өкілі түрлі дене жарақат алған.
  • Қазір ауруханаларда 273 адам емделіп жатыр, бір бөлігі реанимацияда.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 18 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елде төтенше жағдай жарияланғалы бері 2739 адамның медициналық көмекке жүгінгенін мәлімдеген. Ол кезде 200 адамның стационарда емделіп жатқаны, 14-і реанимация екені хабарланған. Сол күні ішкі істер министрі күштік құрылымның 2911 өкілінің түрлі дәрежеде жарақат алғанын айтқан.

Өткен айдың басында халықтың өмір сүруінің нашарлауынан туындаған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан кезде Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріс" жасау талпынысы туралы айтты. Билік "сыртқы күштер" мен елге "гастарбайтер" ретінде келген "содырлар" туралы айтқанмен оған дәлел келтірмеген.

XS
SM
MD
LG