Бадахшан қауымы көсемдерінің бірі Амриддин Аловатшоев ақпан айының басында Мәскеуде ұсталып, Тәжікстанға жеткізілген. Билік оның іздеуде болғанын хабарлаған. Енді оған Хорогтағы наразылықтарды ұйымдастырды, сонымен бірге кепілге адам алды деп айыптап отыр.
"Коалиция жалдаған адвокат 8 ақпанда Амриддин Аловатшоевтің қайда екенін анықтау мақсатында арнайы қызмет пен ішкі істер министрлігіне сұрау салды. Мекемелердің ешқайсы Аловатшоевты солар ұстап отырғанын растамады", делінген коалиция таратқан мәліметте.
Алайда Тәжікстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нусратулло Махмадзода коалиция мәліметін теріске шығарды. "Аловатшоев тергеу изоляторында отыр. Оған туыстары келіп тұрады. Адвокаттың өзі де қорғауындағы азамат азапталған деген мәліметті жоққа шығарды", деді министрлік өкілі.
Жақында "Бадахшан" телеарнасы қамаудағы Аловатшоевтың бейнеүндеуін жариялады. Онда белсенді елге өз еркімен келгенін айтқан. Белсендінің жақтастары бұл мәлімдемені биліктің қысымымен жасалған деп есептейді.