Ссылки доступа

HRW: Қазақстан билігі қаңтар қырғынын зерттеуге қажетті дәрежеде күш салмай отыр


Қаңтар қырғынын жан-жақты тергеп-тексеруге уәде берген Қазақстан билігінің талпынысы қажетті қадамдардан әлдеқайда алшақ жатыр. HRW Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон 18 қаңтарда Eurasianet.org сайтындағы мәлімдемесінде осылай деп жазды.

Ұйым өкілінің пікірінше, кемінде 227 адам қаза болып, мыңдаған адам қамалған, азаптаулар мен қысым жайлы көп хабар тараған қанды оқиғаны жан-жақты зерттеуге қазақ үкіметінің өзі мүдделі болуы тиіс. Әйтпесе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық реформа жөнінде жоспары жалаң уәде күйінде қалады.

Өткен айдың басында болған қанды қырғынды "мұқият" зерттейтінін бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан құзырлы органдары бұған дейін оқиғаға қатысты үш мыңнан астам қылмыстық іс қозғалғанын, 800-ден астам адам қамалғанын хабарлаған. Қоғам және халықаралық, жергілікті құқық қорғау ұйымдарының қысымынан кейін Бас прокуратура ұстау кезінде азаптау мен қысым болғанын мойындап, 170-тен астам қылмыстық іс ашылғанын айтқан.

HRW өкілі жұма күнгі мәлімдемесінде "дегенмен бұл органдардың жұмысы бірнеше себепке байланысты көңілден шықпайды" деп жазды.

"Олардың ешқайсысы (Қазақстанның құзырлы органдары - ред.) жүйелі түрде тексеру болады, әсіресе 227 адамның өліміне апарған жағдайдың әрқайсысы мұқият анықталады деп айтқан да жоқ. Пост-советтік Орталық Азия елдерінде бұрын-соңды осыншама көп адам қырылған жоқ. Human Rights Watch ұйымының зерттеуіне сәйкес, 4-6 қаңтар аралығында еш қатер төндірмесе де қазақ күштік құрылымдары кемінде төрт жағдайда артық күш қолданып, кемінде он адамды атып өлтірген. Бұл адам өлтіру жағдайдары жүйелі түрде тексерілуі тиіс" деп жазды Хью Уильямсон.

Ол кемінде 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаптаулар мен полицияның халыққа оқ ату жағдайлары қажетті дәрежеде тексерілмей қалғанын алға тартып, "көбі осы жағдай қайталана ма деп қауіптенеді" деді.

Оқиғаны жан-жақты, мұқият саралайтын тәуелсіз зерттеу жүргізілуі тиіс екенін алға тартқан ұйым өкілі оның сипаттарына тоқталады.

"Мұндай зерттеу қажетті дәрежеде ресурспен қамтамасыз етілуі тиіс, өте тәуелсіз әрі ашық болуы керек және үкімет ақпаратына да қолжетімділігі болуы қажет. Оның наразылық пен заң бұзушылық тұрғысынан адам өлімінің жай-жапсарын мұқият саралауға, полиция немесе өзгелердің осы қылмыстарға ықтимал қатысы мен азаптау мен билік өкілетін асыра пайдалану істерін ашуға жететіндей құзыреті болуы тиіс. Нәтижесі қоғамға жариялануы керек. Қазақстан үкіметі зерттеу қорытындысын қабылдап және қарастырып, құқық қорғау тетіктерімен қамтамасыз етіп, кінәлілерді жауапқа тартуы тиіс" деді Хью Уильямсон.

Ұйым өкілі бұл жолы да қазақ үкіметін тәуелсіз зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақыруға үндеген.

Уильямсонның пікірінше, тек осындай тәуелсіз зерттеу Қазақстанның өз ішінде халықтың билікке сенімін қалыптастыруға көмектеседі және бұл халықаралық қауымдастыққа Нұр-Сұлтанның адам құқығы жөнінде уәделері тек сөз жүзінде қалмайтындығының белгісі болады деп те санайды.

XS
SM
MD
LG