Ссылки доступа

Өзбекстан биілігі министрлігі әкімшіліктерді мұғалімдерге қысым жасамауға шақырды


Өзбекстан халық білімі министрлігі қала мен аудан әкімдіктерінің басшыларына мұғалімдерге қысым жасамауға үндеді.

Министрліктің 15 ақпанда жолдаған хатында мұғалімдердің кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға мәжбүрлеу "мемлекет саясатын әдейі бұрмалауға" жататыны айтылған.

"Мұндай әрекет халықтың қарсылығы мен наразылығын туғызады. Содан жүргізіліп жатқан реформаларға сенімсіздік пайда болады. Сіздерді ұстаздарды ар-ұжданына тимеуге, мәжбүрлеп жұмысқа тартпауға шақырамыз", - делінген халық білімі министрінің орынбасары Темуржон Комилов хатында.

Өткен аптада Әндіжан облысы Мархамат ауданындағы мектептердің бірінде мұғалімдер ата-аналардан білім сапасының төмен болуына байланысты кешірім сұрауға мәжбүр болған.

Сап түзеп тұрған мұғалімдердің кешірім сұрағаны бейнеленген видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды. Одан соң халық білімі министрі мен Мархамат ауданының басшымы ұстаздармен кездесіп, олардан кешірім сұрады.

Аудан әкімі қатаң сөгіс алды, оның орынбасары қызметтен кетті. Сонымен бірге аудандағы білім басқармасының басшысы мен мектеп директоры жұмыстан шығарылды.

Өзбекстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы аз. Соған қарамастан оларды жергілікті билік өкілдері мәжбүрлі жұмысқа жиі тартады.

Екі жыл бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ұстаздарды кәсіби қызметіне қатысты емес жұмыстарға салу қалыпты жағдайға айналғанын мойындаған.

XS
SM
MD
LG