Ссылки доступа

БҰҰ Украинадағы бірқатар қызметкерлерін шығарып жатыр 


БҰҰ Ресейдің шабуыл жасау қауіпіне байланысты Украинадағы қызметкерлерінің бір бөлігін және олардың отбасы мүшелерін уақытша шығарып алатынын мәлімдеді. 

БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Алессандра Велуччи "Біз бұрынғыдай барлық күшімізді біріктіріп жұмыс істей береміз. Бірақ ұйым аймақтағы жағдайды есепке алып, көмекші қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін өлкеден кетуге рұқсат беріп жатыр", - деді Велуччи.

Оның сөзінше, БҰҰ-ның Украинадағы өкілдігінде жалпы 1,5 мыңдай қызметкер бар. Олардың 149-ы халықаралық қызметкер болса, 100-ге жуығы өлке шығысындағы жікшілдер бақылайтын аймақтарда істейді.

21 ақпан күні кешкісін Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу "Донецк халықтық республикасы" және "Луганск халықтық республикасы" деп аталған жікшіл аймақтарды танығанын жариялап, бұл аймақтарға орыс әскерлері кіргізілетінін мәлімдеген. БҰҰ бас хатшысы және Батыс елдері Ресейдің мұндай қадамдарын сынға алған.

XS
SM
MD
LG