Ссылки доступа

Қырғызстан президенті Украинадағы жағдайға баға берді


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 22 ақпанда әлеуметтік желілердегі парақшаларында жазба жариялап, Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Украина төңірегінде болып жатқан оқиғаларға алаңдайтынын, жағдайдың қалай өрбіп жатқаны туралы мәлімет алып отырғанын айтты.

Жапаров "Қырғызстан Минск келісімін сақтау қажеттігін үнемі қолдап келгенін" мәлімдеді. Ол бұл келісімді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған, жанжалды реттеуге арналған жалғыз құжат деп сипаттады. "Өкінішке қарай, оның орындалмауы қазіргі күрделі жағдайға алып келді", - деді Қырғызстан басшысы. Садыр Жапаров дауды дипломатияның көмегімен бейбіт шешу керек деп есептейді, қан төгілмегенін қалайды.

"Бәлкім, бұл ресейлік азаматтар көп тұратын Донбасс аумағындағы бейбіт халықтың қорғау үшін жасалған мәжбүрлі қадам болар. Қандай да бір мемлекеттік мойындау әрбір елдің зайырлы құқығы екенін айтқым келеді", - деп мәлімдеді Садыр Жапаров.

Еске салайық, 22 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы "ДХР" (Донецк Халық Республикасы) мен "ЛХР" (Луганск Халық Республикасы) жікшіл аймақтарын тәуелсіз деп танып, оларға Ресей әскерін кіргізу турады шешім қабылдады. БҰҰ Бас хатшысы және Батыс елдері Мәскеудің бұл әрекетін сынады.

XS
SM
MD
LG