Ссылки доступа

Қазақстан мүфтияты мұсылмандарға криптовалюта қолдануға тыйым салды 


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылмандарға криптовалюта пайдалануға тыйым салды. 

Мүфтият мұндай шешім қабылдауға үш түрлі себеп келтіреді. Біріншіден, шариғатқа сәйкес, кез-келген ақша мемлекеттен шығарылып, оның қорғауында болуы тиіс.

"Биткойн ұлттық валюта емес. Бұл орталықсыздандырылған виртуалды ақша, мемлекеттік органдар тарапынан кепілдік берілгенімен, қаржылық заңдар арқылы қорғалмаған. Ол кез-келген уақытта құлдырап, не өсіп кетуі мүмкін. Бұдан халық зардап шегеді", – делінген хабарламада.

Екінші себебін мүфтият биткоин-процестердің жабық өтетінімен, мұның алаяқтыққа алып келетінімен түсіндіреді. Үшіншіден, биткоин валюта немесе тауар ретінде бақылауға алынбайды, бұл ішкі экономикаға, қоғамға кері әсерін тигізеді делінген.

Кембридж университетінің мәліметі бойынша, Қазақстан биткоин майнинг көлемі бойынша әлемде екінші орынға шыққан, үлесі 18,1 пайыз. Бірінші орында АҚШ, үлесі 35,4 пайыз. Қазақстанда майнингтің өсуіне арзан электр энергия мен салықтың төмендігі себеп болған. Қазақстан билігі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап майнерлер үшін электр энергиясы тарифін 1 тенгеге көтерді.

XS
SM
MD
LG