Ссылки доступа

Тоқаев құрған қор қаңтар оқиғаларында 29 бейбіт тұрғын қаза болғанын айтты 


"Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғалары кезінде қаза болған және ауыр жарақат алған күш құрылым қызметкерлерінің отбасына, сонымен бірге оқыстан жарақат алған және құрбан болғандардың жақындарына материалдық көмек берілетінін мәлімдеді. 

Қор Қазақстанның адам құқықтары бойынша арнайы өкілі Эльвира Азимова мен Балалар құқықтары бойынша арнайы өкілі Аружан Саинге сілтеме жасап, қаңтар оқиғаларында 29 бейбіт тұрғын оқыстан қаза болса, тағы үш бала көз жұмып, түрлі жарақат алғанын жеткізді.

"Қаңтар оқиғалары кезінде кенеттен қайтыс болғандардың отбасына материалдық көмек беру жөнінде шешім қабылдадық. Біз тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеп, оқыстан қаза болғаны дәлелденгеннен кейін көмек береміз. Тергеу істерін соңына дейін күтпестен, қазір жәрдем беруді шештік", - деді қор төрағасы Болат Жәмішев.

"Қазақстан халқына" қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтар оқиғаларында қаза болған әрбір әскердің және қарапайым тұрғындардың отбасына 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Бұдан бөлек ауыр жарақат алған күш қызметкерлерінің отбасына үш миллион теңгеден ақша беріледі.

Көмек көрсету бойынша эксперттік комитеттің мүшесі Қайырбек Сүлейменов қаңтар оқиғалары кезінде оқыстан қаза болғандардың саны 100-ге жақындап қалады деген.

"Қазақстан халқына" қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтарда құқық қорғау органдарының 21 қызметкері қаза болып, 94-і ауыр жарақат алған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғалары кезінде 227 адам қайтыс болған. Билік қаза болғандардың тізімін жариялаудан бас тартып отыр.

Қазақстанда қаңтар оқиғалары кезінде және одан кейін мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адамға "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "терроризм", "қару-жарақты заңсыз сақтау" және "тонау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

13 ақпанда президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғаларында қаза болғандардың отбасына қаржылай көмек беріледі деген. Қорды өлкенің бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев басқарады. Сонымен бірге ондағы қамқорлық кеңес 12 адамнан тұрады.

XS
SM
MD
LG