BELTA агенттігі украин президентінің кеңесшісі Михаил Подолякқа сілтеме жасап, тараптар Украинаға шабуылды тоқтату үшін арнайы шешімдер бойынша тоқталып, "кеңесу үшін астанаға кеткенін" жеткізді.
Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бас сағат бойында барлық мәселелер бойынша сөйлескенін, бірқатар мәселелер бойынша тіл табысуға жақындап қалғанын айтты.
"РБК-Украина" басылымы тараптар келесі кездесуді белгілегенін, ол жақын күндері беларусь-поляк шекарасында өтетінін жазды.
Ресей президенті Владимир Путин "Донбасстағы халықты қорғау" туралы мәлімдемесінен кейін орыс әскерлері 24 ақпанда Украинаға басып кірді. Бес күннен бері Ресей Украинаның барлық аймақтарын атқылап және бомбалап жатыр.
Украинаның ақпарат құралдары Ресейдің шабуылынан 352 бейбіт тұрғын қаза болғанын, олардың ішінде балалар бар екенін жазып жатыр. Оқиғаның алғашқы күні Киев 137 сарбаз құрбан болғанын мәлімдеді. Одан кейін жағдай әзірге белгісіз.
Украина қорғаныс министрлігі Ресей 5300 сарбазын жоғалтты деп мәлімдеген. Бұл санаттың ішінде қаза тапқандар, тұтқынға түскендер және жараланғандар кіреді.
Ресей болса нақты қанша әскерін жоғалтқаны жөнінде ресми мәлімет бермей отыр.