Еңбек мигранттары әскери қимылдарға да тартылуы мүмкін екені айтыла бастады.
Ресей заңдары шетел азаматтарына әскери қызметке келісім-шартпен тұруға рұқсат береді. Алайда Өзбекстан заңдары бұған тыйым салады.
25 ақпанда әлеуметтік желілерде Өзбекстаннан шыққан азаматтың Донбаста түсірген видеосы жарияланды. Өзбек жүргізуші бейнеүндеуінде Ферғана облысының тумасы екенін, Украинаның шығысына Ресей армиясына қарасты жүк көлігімен кіргенін айтты.
Азаттық радиосы Өзбек қызметі - "Озодлик" журналистері видео авторымен хабарласты. Оның аты-жөні азаматтың жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында жарияланбайды. Өзбек жүргізуші Ресейден Луганскіге Ресей қорғаныс министрлігінің жүк көлігімен жеткенін растады.
Ол келісім-шартпен үш айға жүргізуші болып жалданған. Өзбек мигранты бұл жұмысқа Ресей азаматтығын, үй мен қомақты жалақы алу үшін келіскенін жасырмады. Осы жұмыста ол айына 50 мың рубль (шамамен 590 доллар) алады.
Жүргізуші бұл жұмысты өзбек мигранттары жиі қолданатын UzMigrant сайтынан тапқан.
Өзбекстанның ресми органдары әзірге ферғаналық жүргізушінің бейнеүндеуіне қатысты мәлімет таратпады.
Ресейдің Өзбекстандағы елшілігі бұл жөнінде мәлімет алмағанын, бірақ Украинаға жалданып барған азамат туралы ақпарат жинап жатқанын хабарлады.
Бұл уақытта, Өзбекстанның сыртқы миграция мәселелері жөніндегі агенттігі өзбек азаматтарынан Украинадағы әскери операцияға қатыспауын сұрап, осындай әрекетке барғандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.
Ресейде тұратын бір өзбек блогерінің "Озодлик" журналистеріне құпия түрде хабарлауынша, Өзбекстан азаматтарын әскери қызметке келісім-шартпен қабылдау ісімен NotrhJobs компаниясы айналысып жатыр. Бұл компанияның UzMigrant порталына қатысы бар.
UzMigrant сайты мен NotrhJobs компаниясы Өзбекстаннан шыққан заңгер Бахром Исмаиловқа тиесілі. Ол бірнеше жылдан бері Ресейде тұрады. Бұның алдында Исмаилов Youtube-тегі хабарландыруында шетел азаматтары келісім-шартпенүш айға Ресей әскеріне жалдана алатынын айтқан.
Мәлімет мигранттар арасында тез таралып кетті. Аталған компания Өзбекстан азаматтарын әскери техникаға қарайтын жұмысшы, Украинаның шығысына гуманитарлық жүк жеткізетін жүргізуші қызметтеріне шақырған. Айлық - 500-600 доллар.
Telegram-арналардың бірқатары осы мәліметті таратты.
"Озодлик" тілшілері UzMigrant сайты мен NotrhJobs компаниясының негізін қалаушы Бахром Исмаиловпен хабарласты. Өзбекстандықтар Украинаның шығысындағы әскери қимылдарға қатысу үшін жалданып жатыр ма деген сауалға заңгер былай деп жауап берді:
– Жоқ, UzMigrant – бұл құқықтық-ақпаратық қызмет. Біз Өзбекстан азаматтарын Ресейдегі жаңа заңдармен таныстырамыз, оларға заңға қатысты көмек береміз. Біз ешкімді Украинадағы әскери қимылдарға жалдамадық. Әскери немес жартылай әскери құрылымдармен байланысымыз жоқ, – деді Бахром Исмаилов.
Өзбекстан заңдары бойынша, азаматтарға шетелдің қарулы күштерінде қызмет етуге тыйым салынған. Бұл заңды бұзғандар 3-5 жылға сотталады.