Ссылки доступа

Бас прокуратура: Қаңтар оқиғасына байланысты қазірге дейін 62 адам сотталды


Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты 62 адам сотталды. Бұл туралы 2 наурызда брифингте Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров хабарлады.

Ол қанша іс бойынша үкім шыққанын, сотталғандарға қандай жаза тағайындалғанын, қаншасы түрмеге қамалғанын айтпады.

Бас прокуратураның дерегінше, 162 айыпталушының үстінен қозғалған 101 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Бұл істердің басым бөлігі Алматыда қаралып жатыр.

Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі Азаттыққа 1 наурызға дейін аудандық соттарға 69 іс түсіп, 36 іс бойынша үкім шыққанын хабарлады. Істердің көбі "Ұрлық" бабымен қаралған. Қалалық сот бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағандардың жазалары бас бостандығын шектеу және шығынды өтеу жазасына ауыстырылғанын жеткізді.

Қаңтар оқиғасына қатысты алғашқы сот үкімі 17 ақпанда шыққан еді. Алматыдағы сот Алматы облысының екі тұрғыны Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханды "қару ұрлады" деген айыппен бес жылға түрмеге қамаған.

Бас прокуратура 2 наурыздағы брифингте прокурорлар "терроризм", "тәртіпсіздік", "ұрлық", "тонау", "қару ұрлау", "полицейлерге күш қолдану" айыптарымен 3666 істі қаралып жатқанын мәлімдеді.

Ал ішкі істер министрлігі Қаңтар оқиғасынан соң "ұрлық", "тонау", "қару ұрлау" баптарымен 2997 істі тергеп жатқанын айтты. ІІМ мәліметінше, 22 адам "қару ұрлау" айыбымен күдікке ілінген.

Бас прокуратураның мәліметінше, 701 адам тергеу изоляторында отыр, 199 адам қолхатпен босатылған я үйқамақта.

Брифингте түрмедегі азаптау істеріне қатысты жаңа деректер айтылмады. Бірнеше күн бұрын бас прокуратура тергеуде күдіктілерді азаптады деген күдікпен органдардың тоғыз қызметкері ұсталғанын мәлімдеді.

Бұған қоса, Талдықорғанда экс-президент Назарбаевтың ескерткішін құлатқан соң ұсталған Азамат Батырбаевты қамауда азаптады деген күдікпен бір адам қамауға алынғаны хабарланды.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "тәртіпсіздік", "қару ұрлау" және басқа да айыптармен қамауға алынған. Қамалғандардың көбі түрмеде азапталғандарын айтқан еді.

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасыа халықаралық деңгейде тексеруге шақырған еді, бірақ Нұр-Сұлтан бұл ұсыныстан бас тартты.

XS
SM
MD
LG