Ссылки доступа

Прокурор Азаттықтың беларусь қызметінің журналисін 1,5 жылға соттауды сұрады  


Олег Груздилович сот отырысы кезінде, 2 наурыз
Олег Груздилович сот отырысы кезінде, 2 наурыз

Минск қаласында мемлекеттік айыптаушы Азат Еуропа/Азаттық радиосы беларусь қызметінің тілшісі Олег Груздиловичті 1,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Ол "қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерін ұйымдастырды" деп айыпталып жатыр. Тергеу мәліметінше, журналист сыртқы істер министрлігі аккредитациясынан айырылғанына қарамастан заңсыз акцияларға қатысқан.

Груздилович өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып, наразылық акциялар кезінде "Ел еркі" газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде жұмыс істегенін жеткізді.

Журналистке қарсы қозғалған қылмыстық іс 2020 жылы президент сайлауының ресми қорытындысына қарсы өткен жаппай наразылық акцияларына байланысты. Батыс елдері Александр Лукашенконың алтыншы рет президент болған сайлау қорытындысын мойындаған емес.

2 наурызда Минксідегі Совет аудандық сотында Груздилович ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Залда орын көп екеніне қарамастан, журналистің әріптестері, таныстары және туыстары сотқа қатыстырылмады.

Сотта адвокат айыптаулар негізсіз екенін айтты. Оның сөзінше, Груздиловичтің әрекеттерінде қылмыстың белгілері жоқ және ол ақталуы керек. Бұл іс бойынша сот үкімі 3 наурызда шығады деп күтіледі.

Олег Груздилович 2021 жылдың 23 желтоқсанынан бері Минсктегі тергеу абақтысында отыр. Бүгінгі күні Азаттықтың беларусь қызметінің тілшілері 15 жылға сотталған Игорь Лосик пен Андрей Кузнечик те түрмеде отыр.

XS
SM
MD
LG