Ссылки доступа

Қырғыз арнайы қызметі Next TV журналистерін тергеуге шақырды


Қырғызстанда Next TV телеарнасының екі журналисі тергеуде отыр. Бұл туралы телеарна қожайыны, саясаткер Равшан Жеенбеков хабарлады.

Оның айтуынша, телеарнаның тағы екі журналисін дүйсенбі күні сағат 14:00-ге тергеуге шақыртқан.

3 наурызда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Next TV телеарнасының үстінен қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, телеарна "Ресейдің Украинадағы арнайы операциясына Қырғызстанның ұстанымы жөнінде жалған ақпарат таратқан".

Телеарна директоры Таалай Дүйшембиев ұсталды. Оның адвокаты Акмат Алагушевтің айтуынша, директорға ұлтаралық араздық туғызды деген айып тағылып отыр. 5 наурызда сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

NEXT TV құрылтайшысы Равшан Жеенбековтің пікірінше, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ, өйткені телеарна мәліметті дереккөзге сүйене отырып таратады.

Бұның алдында Фейсбук қолданушы Юрий Поита Қазақстан арнайы қызметінің экс-басшысы Әлнұр Мұсаев дерегіне сүйене отырып, әлеуметтік желіде былай деп жазды: "Тәжікстан мен Қырғызстан Ресейдің қысымына шыдамады, оған құпия түрде әскери көмек беруге дайын екенін айтты". Қырғызстан қорғаныс министрлігі 3 наурызда бұл ақпаратты терістеді.

XS
SM
MD
LG