Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында түнде тағы атыс болды


11 наурызға қараған түні, сағат 02:50 шамасында, Қырғызстандағы Баткен облысының қырғыз-тәжік шекарасында екі елдің шекарашылары тағы атысты. Бұл туралы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті хабарлады.

Шекара қызметінің мәліметінше, Баткен-Исфана автожолының Эки-Таш мекені тұсында Тәжікстан шекарашылары жолдағы автокөліктерге тас лақтырған.

"Тәжікстан шекарашылары Қырғызстан шекарашыларының талаптарын орындамаған. Қырғыз шекарашылары әуеге ескерту оғын атуға мәжбүр болды. Бұл уақытта Тәжікстанның басқа бір жақтағы шекарашылары қырғыз шекарашылары орналасқан бақылау мұнарасына қарай оқ ата бастады. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашыларының атысы шамамен 20 минутқа созылып, сағат 03:10-да атыс тоқтады. Қырғыз жағынан ешкім жараланған жоқ", - деп хабарлады Шекара қызметі.

Мәліметтерге қарағанда, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары телефонмен келіссөз жүргізген, одан соң оқиға орнында кездескен.

Тәжікстанның шекара қызметі әзірге шекарадағы атысқа қатысты мәлімет таратпады.

Қырғыз-тәжік шекарасында бір күнде осымен екінші мәрте атыс болды. 10 наурызда таңертең қырғыз-тәжік шекарасының Тескей деп аталатын жерінде атыс болған. Қырғыз жағынан ешкім зардап шекпеді. Азаттық радиосы Тәжік қызметінің дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабарлауынша, "атыстан бір шекарашы опат болып, бір шаруа жараланған".

Қырғыз-тәжік шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана ресми мәртебесі анықталған. Даулы жерлерде көрші елдердің тұрғындары арасында үнемі жанжал болып тұрады.

XS
SM
MD
LG