Ссылки доступа

Қаңтар оқиғалары кезінде ұсталған сегіз адам азаптаудан көз жұмған, 234 іс қаралып жатыр


Қаңтар оқиғаларына байланысты ұсталған сегіз адам тергеуден кейін қайтыс болды деп хабарлады Коррупцияға қарсы қызметтің төрағасы Олжас Бектенов парламент мәжілісіндегі тыңдау кезінде. Осыған дейін билік тергеу кезіндегі азаптаудан алты адам қайтыс болды деп келген.

Бектеновтің айтуынша, Коррупцияға қарсы қызмет қазір 234 қылмыстық істі қарап жатыр.

"Арызданушылардың көбі құқық қорғау органдары қызметкерлерін көрсетіп, беттеріне маска кигендерін айтады. Жаппай тәртіпсіздік кезінде видео камераларға зақым келгендіктен, анықтау қиын болып тұр. Арызданушылардың көбі жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдіктілер. Олардың дені сол тәртіпсіздік кезінде жаралануы мүмкін»,- деді Олжас Бектенов.

Ал бас прокурор Берік Асылов пен омбудсмен Эльвира Әзімованың Қаңтар оқиғасында өлгендер туралы мәжілісте айтқан мәліметі екі түрлі шықты. Екеуі де бүгін, 14 қаңтарда Қазақстан парламентінің мәжілісінде Қаңтар оқиғасы туралы баяндама жасады.

Қазақстан бас прокурорының мәліметіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам өлген. Оның 19-ы полицейлер мен күш құрылым қызметкерлері. 139 адам Алматы оқиғасында өлген. Оның 86-сы мемлекеттік органдар ғимаратына шабуыл кезінде өлген.

Қазақстаның тағы да жеті аймағында күш құрылымдары "әкімдіктерді, полиция мен ҰҚК департаменттерін қорғаған кезде 63 адамның көзі жойылған".

"Бүгінде 20 адамның атыс кезінде кездейсоқ өлгені анықталып отыр. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында, біреуі Тараз қаласында. Өлгендер арасында атыс кезінде бүлікшілер оғына ұшқандар да, блокпостта тұрған әскердің талабына бағынбағандар да бар", - деді Берік Асылов.

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасында өлгендер жайлы мәліметті екі айда алғаш рет жаңартып отыр. Билік бұл оқиғада өлгендердің толық тізімін жариялаған жоқ. Берік Асылов кімнің бейбіт адам болғаны, кімнің шабуыл жасағаны әзірге толық анықталмағандықтан жарияланбай отыр деп түсіндірді.

15 қаңтарда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасында 225 адам өлді деп хабарлаған болатын. Үш күннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі тағы да екі адам ауруханада көз жұмғанын жариялаған. Құқық қорғаушылар өлген адамдар бұл мәліметтердегіден көп болуы мүмкін деп санайды.

Алайда, бүгін парламент мәжілісінде баяндама жасаған омбудсмен Эльвира Әзімова мәліметі Бас прокурордың мәліметіне қайшы келді. Омбудсмен сөзінше, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG