"24 тобы" мүшелерінің бірі Мұхаммадсабир Абдукаххардың Озоди радиосына хабарлауынша, ұйым енді постсоветтік басқа да елдерде және Еуропада жұмысын жалғастыра береді.
2012 жылы Ресейде құрылған "24 тобын" Тәжікстанның Жоғарғы соты 2014 жылы экстремистік ұйым деп таныды. Топ мүшелері бұл шешімнің саяси астары бар деп есептейді.
Тәжікстанда, Ресейде және басқа да постсоветтік елдерде ұйымның ондаған мүшесі ұсталып, түрмеге қамалды. Ұйымды қуғындағы кәсіпкер Омарәлі Кувватов құрған. Оны 2015 жылы Стамбулда өлтіріп кетті.