Ссылки доступа

Қазақстандықтармен бірге Алматыға ондаған украин азаматы ұшып келді 


15 наурызда түстен кейін Алматы әуежайына 89 жолаушымен Air Astana әуе компаниясының ұшағы қонды. Рейс Польшаның Катовица қаласынан Қазақстанның 56, Украинаның 32 және Польшаның бір азаматын алып келді. 

Осыған дейін Украинадан эвакуацияланған 587 қазақстандық Катовица арқылы төрт рейспен Алматыға жеткізілген.

Қазақстанның СІМ 15 наурыздағы мәліметі бойынша, Украинадан 822 қазақстандықтың шығып кетуіне көмек көрсетілген. Олардың 726-сы Польшаға, қалғаны Молдова, Румыния, Венгрия және Словакияға барған.

Қазір Катовица қаласында және украин-поляк шекарасында қазақ азаматтары жоқ. Украинаның Харьков қаласында үш, Сумы қаласында бір қазақстандық қалған. Олар Қазақстан елшілігімен үнемі байланыста.

Бұдан бөлек орыс әскерлерінің құрсауында қалған Мариуполь қаласында Қазақстанның тағы 18 азаматы бар. Қалада электр энергиясы сөндіріліп, телефон байланысы болмағандықтан, олармен қазір байланысу мүмкін емес.

СІМ мәліметіне қарағанда, Украина аймағында қалған 57 жүк көлігінің 51-і өлкеден шығып кеткен.

БҰҰ-ның Босқындар ісінің 15 наурыздағы мәліметі бойынша, Украинадан 3 миллионнан астам адам босқын ретінде шығып кеткен.

XS
SM
MD
LG