Ссылки доступа

Алматы билігі белсенділерге соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді  


Алматы қалалық әкімдігі қоғам белсенділеріне Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы 17 наурызда белсенді Әлнұр Ильяшев Facebook парақшасына жазды.  

Оның сөзінше, өткен аптада 19 наурызда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда соғысқа қарсы акция өткізу туралы өтініш берген.

"Әкімдік бұл күні жақында ғана "Нұр Отан" атауын "Аманат" деп өзгерткен билік партиясының іс-шарасы өтеді деп түсіндірді. Олардың шарасы таңғы 10-да басталып, кешкі жетіде аяқталады екен", - деді Ильяшев.

Әкімдік өкілі Айдар Есенбеков белсенділерге не себептен акция өткізуге рұқсат етілмегені жөнінде жауап беруден бас тартты.

25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында ондаған адам соғысқа қарсы пикетөткізген. Ақпан айының соңында Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинаны қолдаған тағы бір митинг өткен.

Биліктің рұқсатымен 6 наурызда өткен Украинаны қолдаған митингіге бірнеше мың адам қатысты.

16 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін айту құқығын пайдалануда азаматтарға "жеңілдіктер" болмайтынын атап өтіп, қазір "митинг өткізетін мезгіл емес" деген.

XS
SM
MD
LG