Сот телеарнаның үш аптадан бері жабық тұрған кеңсесіне Next TV қызметкерлерін кіргізуге рұқсат бермеді. БАҚ құрылтайшысы, саясаткер Равшан Жеенбеков сот шешімін қысым деп бағалады.
"Телеарнаның жабылуы Қырғызстандағы сөз бостандығы мен демократияға жасалған қысым деп бағаланады", - деді Жеенбеков.
Адвокаттардың айтуынша, тергеушілер құжаттардың бәрін алып кеткен, кеңсені жауып қоюға ешқандай негіз жоқ.
Прокуратура Next TV эфирінде көрсетілген сюжетті экстремистік деп тануын сұрады.
3 наурызда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Next TV телеарнасына қарсы қылмыстық іс қозғады. Тергеу нұсқасынша, телеарна "Қырғызстан Ресейдің Украинадағы арнайы операциясына әскери көмек көрсетуге келісті деген жалған ақпарат таратқан".
Телеарна директоры Таалай Дуйшембиев ұсталған. Оның үстінен ұлт араздығын туғызды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Телеарна журналистері де тергеуге шақыртылды.