Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында қырғызстандық сарбаз сабалған 


Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі Тәжікстанның шекарашылары қырғыз сарбазын сабағанын 22 наурызда мәлімдеді. 

Шекара қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 19 наурызда Ләйлектің Сада аймағында қызметін өтеп жатқан жауынгер шекара маңынан белгісіз көліктің тұрғанын байқаған. Ол көлікті тексеруге барғанда, тәжік шекарашылары бақылайтын аймаққа өтіп кеткен. Ол жерде тәжік тарабынан ұсталып, тек екі елдің сөйлесулерінен кейін босатылған.

Мәліметке қарағанда, оның басы жарылған, киімі қанға боялған. Ол тәжік шекарашыларының азаптағанын айтқан.

Қазір оның жағдайы бірқалыпты. Ауруханада емделіп жатыр. Қазір бұл оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр. Тәжікстанның ресми органдары бұған қатысты пікір білдірмеді.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қатынас 2021 жылдың сәуір айындағы қанды оқиғадан кейін суып кетті. Сол кездегі жанжалда Қырғызстан тараптан 36 адам қаза тауып, 154 кісі жарақат алған. Тәжікстан тараптан 19 адам мерт болып, 87-сі зардап шеккен. Екі тарапта да ондаған үй мен ғимараттар өртенген.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы соңғы қақтығыс биыл 27 қаңтарда орын алды. Онда Қырғызстаннан 13 адам жарақат алса, Тәжікстанның "Ховар" ақпарат агенттігі жанжал кезінде екі тәжік азаматының қайтыс болып, 10 адамның жараланғанын хабарлады. Бішкек пен Душанбе бұл оқиғалар үшін бірін-бірі айыптап келеді.

XS
SM
MD
LG