Ссылки доступа

Өзбекстанда жарты миллион отбасы кедейлер санатынан шығарылды


24 наурызда Ташкенттегі халықаралық инвестициялық форумда сөйлеген президент Шавкат Мирзияев аз уақыттың ішінде 500 мыңнан астам отбасы кедейлер санатынан шығарылды деп мәлімдеді.

Өзбекстан президенті аз уақыттың нақты қанша екенін түсіндіріп жатпады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бес жылда 25 миллиард доллар инвестиция салынды, тарихта алғаш рет кедейлікпен күрес мемлекет саясатының басты мақсаттарының бірі болды. Үкімет Өзбекстанда кедейлер көп екенін Мирзияев билікке келген соң мойындап, оны азайтуды көздейтін шаралар қабылдады.

Жағдайы нашар отбасыларды қолдау, жұмыссыздықты азайту мақсатында "Темір дәптер", "Жастар дәптері", "Әйел дәптері" секілді бағдарламалар қабылданды.

Алайда, тұрғындардың айтуынша, мұндай бағдарламалар өте аз уақытты қамтиды, отбасылар алғашқы матералдық көмек алған соң қолдаусыз қалды.

Осы бағдарламалар аясында жеңілдікпен несие алып, стартап-бизнес бастағандар да бар. Үкіметтегі шенеуніктердің есебінше, 2020 жылғы тамызда "Темір дәптерге" 409 мың отбасы кірген.

Президент айтқандай, жарты миллионнан астам отбасы кедейлер санатынан шығарылса, онда Өзбекстанда ресми түрде жағдайы нашар отбасы жоқ деуге бола ма? Бұл дәптерге енген отбасыларға материалдық көмек көрсетілген, азық-түлік берілген. Оларға банктерден жеңілдігі бар несие бөлінген. Кедей отбасыларға балапан таратылған, әйелдерге пеш, тігін мәшинелері таратылған.

Ферғаналық экономист Шухрат Гамидовтің пікірінше, өзбек үкіметінің кедейлікпен күресі нәтижесіз болды.

"Екі жылда кедей отбасылар аяғынан тік тұрғанын көрмедім. Байып кетті деп айта алмаймын. Бұның бәрі вертикаль басқарудың салдары. Жоғарыда айтылған мәлімдені уралап қолдай кетеді. Горизонталь басқару деген түсінік, анализ, сараптама, қорытынды деген жоқ. Мәселен, бәрі бірден кедейлік қамытын тастап, бай боп кете алмайды. Банктерге жеңілдігі бар несие беруді тапсырды. Банктер оны орындауға мәжбүр болды. Жағдайы нашар отбасыларға несие берілді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Өндіріс дамымады, несиелер қайтарылмады, банктер тақырға отыра жаздады".

XS
SM
MD
LG