Осының алдында ресейлік РИА Новости ақпарат агенттігі аталған өзбекстандық мекеме жанындағы шетел инвестициясын тарту жөніндегі агенттік төрағасы Ұлықбек Касимходжаевтың Ташкент Мәскеуге тауарларын экспорттау үшін алымсыз дәліз ұсынады-мыс деген пікірін жариялаған.
"Ұ. Касимходжаев бұл министрлікте жақында ғана жұмысын бастады. Ол әлі "GSP+" жүйесі жайында толыққанды білмейді. Бұл мәселеге жауап беру оның құзырында емес", - делінген министрлік таратқан мәліметте. Осыған байланысты министрлік Ұ. Касимходжаевтың пікірі Өзбекстанның ресми ұстанымы емес деп мәлімдейді.
2021 жылдың сәуір айынан бастап Өзбекстан Еуропалық одақтың GSP+ жүйесінің қатысушысы болған. Бұл жүйе бойынша Өзбекстан Еуропаға 3 000 түрлі өнімді алымсыз, 3 200 түрлі өнімді жеңілдетілген салықпен экспорттай алады.
Биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Батыс елдері, халықаралық қауымдастық Ресеймен барлық салада қарым-қатынасын үзді. Осыған байланысты Ресей тауарларын Еуропаға экспорттай алмайды.