Ссылки доступа

FIDH ұйымы қырғыз билігін құқық қорғаушыларға қарсы қуғынды тоқтатуға шақырды 


"Адам құқықтары бойынша халықаралық федерация" ұйымы Қырғызстан билігін төрт құқық қорғаушыға қарсы қуғынның барлық түрін тез арада тоқтатуға шақырды. 

Ұйымның ресми сайтында 25 наурызда жарияланған мәлімдемеде құқық қорғаушылар Азиза Абдирасулова, Динара Ошурахунова, Өндүрүш Токтонасыров және олардың адвокаты Нурбек Токтакунов заңды қызметін тосқауылсыз және қуғынсыз жүргізуге құқықты екені айтылған.

1922 жылы құрылған "Адам құқықтары бойынша халықаралық федерация" ұйымына жүзден астам елдің екі жүзге жуық құқық қорғау ұйымы мүше.

Биыл 5 наурызда Ресейдің Қырғызстандағы елшілігі алдында азаматтық белсенділер Ресейдің Украинаға соғыс ашуына қарсы акция өткізген. Сол жерде белсенді Мирлан Асакеевті милиция ұстап, 3 мың сом айыппұл салған.

7 наурызда тура сол жерде Ресейді қолдаған акция өткен. Бірақ олардың ешқайсысы қамалмады.

17 наурызда жоғарыда аталған құқық қорғаушылар Украинадағы соғысты тоқтату талабымен пикетке шыққан. Олардың бәрін милиция ұстап, сот әрқайсысына 3 мың сом көлемінде айыппұл салған.

24 наурызда Бірінші май аудандық соты құқық қорғаушылардың адвокаты Нурбек Токтакуновты судьяға тіл тигізді деген айыппен бес тәулікке қамауға алды. 28 наурызда қалалық сот аудандық соттың шешімін күшінде қалдырды.

XS
SM
MD
LG