Ссылки доступа

Тәжікстандағы ауған босқындарының шамамен 80 пайызы шетелдегі туыстары жолдаған ақшаға күн көріп жүр


Афганская беженка в Вахдате. Март, 2022

Тәжікстандағы ауған босқындарының шамамен 80 пайызы Еуропа елдерінде, Канадада тұратын туыстары жолдаған ақшаға өмір сүріп жатыр. Босқындар Ауғанстаннан ешқандай көмек алмайды, Тәжікстанда жұмыс табу қиын, ал БҰҰ көмегі мардымсыз.

Былтыр Мирахмад отбасымен бірге Ауғанстаннан Тәжікстанға қашуға мәжбүр болды. Кабулда тұрған кезде ол әскерилерге жанармай тасыған. Тәліптер Ауғанстан астанасына жақындаған уақытта Мирахмад үйі мен мүлкін тастап, Тәжікстанға өткен.

Ауған босқының төрт баласы бар. Олар Душанбеден 19 шақырым жердегі Вахдатта пәтер жалдап тұрады. Баспанаға ай сайын 115 доллар төлейді. Бұған қоса, тамаққа, жарыққа және алты адамды асырауға айына кемінде 220 доллар қажет.

Бірақ отбасында Мирахмадтың ұлы ғана жұмыс істейді. Ол оқу орталықтарының бірінде ағылшын тілінен сабақ береді. Айлығы 2 мың сомони. Оның жалақысы алты адамды асырауға жетпейді. Сол себепті Мирахмад Канададағы туыстарының көмегіне зәру. Оның бауыры осы елде жұмыс істейді, ай сайын Тәжікстанға ақша жолдап тұрады.

"Ай сайын 200 доллар, кейде одан көп ақша жолдайды. Соның есебінен баспана ақысын төлеймін. Қалғанын қажетімізге жаратамыз", — дейді Мирахмад.

Тәжікстандағы "Ориёно" ауған диаспорасының мәліметінше, елдегі ауған босқындарының шамамен 80 пайызы Мирахмад секілді қиын жағдайда өмір сүріп жатыр.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының хабарлауынша, Тәжікстанда 13 700 ауған босқыны тұрады.

XS
SM
MD
LG