Ссылки доступа

Лондонда Назарбаева мен Әлиевтікі деген үй 11,8 млн долларға сатылымға шығарылды


Лондондағы Denewood Road көшесінде орналасқан Дариға Назараева мен Нұрәли Әлиевтің үйі
Лондондағы Denewood Road көшесінде орналасқан Дариға Назараева мен Нұрәли Әлиевтің үйі

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі делінетін Лондон шетіндегі зәулім үй сатылымға шығарылды.

Winkworth риелтор компаниясының сайтында жарық көрген хабарландыруда үй туралы жан-жақты мағлұмат берілген. Төрт қабатты үй Лондондағы жасыл желекті ауданда, Highgate гольф-клубының түбінде, адам аяғы баспайтын Denewood Road тұйық жолының түкпірінде орын тепкен.

11 млн 800 мың АҚШ долларына бағаланған үйге ешқандай құқықтық шектеу жоқ екені, еркін саудаға шығарылғаны хабарланған. Үйді сатып алу мақсатында көру үшін арнайы форманы толтырып, байланыс телефоныңызды қалдыруыңыз керек. Сайтта үйді ипотекаға алудың жолдары да қарастырылған.

Хабарландырудан аумағы 765 шаршы метр болатын үйдің әр қабатының 3D көрінісін көріп, әр бөлмесін жеке тамашалауға болады. Жеті жатын бөлмесі, төрт қонақ бөлмесі мен алты ваннасы бар үйдің фотогалереясы да қоса берілген. Үйдің ішінде үлкен бассейн мен бильярд үстелі бар, барлық бөлмесі қымбат жиһазбен жабдықталған.

Сайттан үйдің картадағы орналасқан орнын, спутниктен қарағандағы көрінісін байқауға болады.

Азаттық үйдің қай уақытта сатылымға шыққанын және нақты иесі кім екенін сұрап, Winkworth риелтор компаниясына хабарласқан еді, бірақ автожауапкер барлық сұрақтарды жазбаша түрде жіберуді өтінді.

Азаттық "Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім үйлері" атты зерттеуінде экс-президенттің жақындарына тиесілі деген Еуропа мен АҚШ-тағы құны 785 миллион долларлық аста-төк байлықтың тізімін жасады. Онда Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, құдасы Қайрат Боранбаевқа, інісі Болат Назарбаевқа және Дариға Назарбаева мен оның ұлына тиесілі үйлер туралы мәлімет бар.

XS
SM
MD
LG