Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары әділ сотты талап етті


29 наурызда Алматыдағы «Партнер» бизнес орталығында Қаңтар көтерілісіне байланысты туысы қамалғандар баспасөз жиынын өткізіп, қамауда отырғандардың сотының ашық, офлайн түрде өтуін және үкім шыққанға дейін кепілдікпен босатуды талап етті.

Баспасөз мәслихатын «Атажұрт жастары» ұйымы ұйымдастырған.

Белсенді Әсет Оңалбаев Қаңтар көтерілісіне байланысты Талдықорғанда 91 адамның қамауда отырғанын, 80 пайызының 15-25 жас аралығындағы жастар екенін айтты.

272-баппен - 13 адам, 287-баппен – 25 адам, 291-баппен – 28 адам, 188-баппен – 24 адам, Алматы облысы бойынша барлығы 91 адам қамауда жатыр. Біздегі бірінші мәселе – қаңтар оқиғасына байланысты үстінен іс қозғалған азаматтардың баптарын жеңілдету. Жазаны жеңілдетуді президент бір емес, екі рет айтты. Бұл процесс прокурор мен тергеушінің екеуара келісімі арқылы шешілуі керек еді. Бірақ олар «сот шешеді» деп президент тапсырмасын орындамай отыр, - деді ол.

Баспасөз маслихатына келген 50-ге жуық ата-ана түгел сөйледі. Барлығы жақындарының ұсталған кезде азап көргенін, кейбірінің психологиялық қысымға ұшырағанын айтып, президентке бірнеше талап қойды. Арасында карантиннің жеңілдетілуіне байланысты сотты ашық әрі офлайн өткізу, жас баласы бар немесе кәрі ата-анасының асыраушысы болып отырған азаматтарды кепілдікпен босату, қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп немесе басқадай жағдайда жарақат алып, мүгедек болып қалған азаматтардың отбасыларына үкімет тарапынан көмек көрсету бар.

Жиын соңында жиналғандар президент атына арнайы үндеу жасады.

Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.

XS
SM
MD
LG