Ссылки доступа

Ресей «Ямал – Еуропа» құбырымен газ айдауын уақытша тоқтатты


Ресей Польша-Германия шекарасындағы Мальнов компрессор станциясы арқылы «Ямал - Еуропа» құбырымен газ айдауды доғарды. Бұл туралы Reuters агенттігі немістің Gascade газ операторына сілтеме жасай отырып хабарлады.

29 наурызда күндіз осы құбыр арқылы Польша мен Германияға бір миллион төрт жүз елу кВтс/с газ айдалған, бірақ кейін көрсеткіш бірден нөлге түскен. Газ айдауды доғаруға не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Басқа газ құбырлары, соның ішінде «Солтүстік ағын - 1» де жұмыс істеп тұр.

«Газпром» Польша аумағы арқылы газ жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімге отырмаған. Компания газ тасымалдау қуатын бір айға немесе тәулікке шақталған аукциондар арқылы реттейді.

ТАСС мәліметінше, «Газпром» Польша арқылы Германияға «Ямал - Еуропа» құбырымен 29 наурызда тәулік бойы газ айдауға тапсырыс берген. Одан соң 30 наурызға тағы бір резерв белгілеген.

Бұның алдында Ресей президенті Владимир Путин үкіметке, Орталық банкке және «Газпромға» «дос емес елдермен» газ есебін рубльмен жүргізуді тапсырған. «Жетілік тобы» (G7) елдері – АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада, Италия, Жапония газды Ресейден рубльмен сатып алмайтынын мәлімдеді. Одан соң бұл мәлімдемеге Еуроодақ тұтастай қосылды. Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков рубльмен сатып алмаған жағдайда газ беруді доғаратынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG