Ссылки доступа

Еңбек министрі жаңаөзендіктердің талаптары туралы айтты


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Жаңаөзенде жұмыс талап етіп, кейін "қысымнан кейін" наразылықты тоқтатуға мәжбүр болған қала тұрғындарының талаптарына пікірін айтты.

Министр мұнай-газ саласынан жұмыс талап еткен жаңөазендіктердің талабы орындалуы мүмкін емес дегенді меңзеді.

"Халықтың санына байланысты, кезінде қабылданған шешімдерге байланысты ол жерде жұмысқа орналастырудың өзінің алгоритмі бар. Егер [мұнай-газ саласында жұмыс істеген] жұмысшылар зейнеткерлікке шықса, жұмыссыздар тізімінде тұрған кезегі келген адамға жұмыс беріледі. Ал енді тізімді бұзып, оларды (наразыларды - ред.) жұмысқа орналастыру комиссияның пікірінше, мұмкін емес. Бұл қалған азаматтардың құқықтарын шектейді. Мұнай-газ компанияларының өздерінің штаттық кестесі бар. Ондағы шектен артық азаматтарды жұмысқа алу мүмкін емес. Сондықтан орындар босаған кезде ғана жұмысқа орналастыруға болады" деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, билік бұған дейін жаңаөзендіктерге 150-200 мың теңге жалақысы бар жұмыстар ұсынған. Олардың арасында күзет қызметі, мұнай-газ компанияларына сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардағы жұмыстар да бар.Әкімдік жанынан құрылған комиссияның көмегімен 150 адам жұмысқа орналастырылып жатыр.

Жаңаөзен әкімдігі алдында шамамен екі ай наразылық жасап, жұмыс талап еткен қала тұрғындары наурыздың соңында қысымға кезікккендіктен акцияны тоқтатуға мәжбүр болғанын айтқан.

Бейсенбі күні Азаттық тілшісі министрден "наразыларға жасалған қысым" жөнінде сұраған кезде Шәпкенов "әрбір адам өзінің азаматтық позициясын ашық айта алады, қазір енді барлығы шығып, [талаптарын] айтып жатыр, егер заң аясында айтса, оған ешкім қысым көрсете алмайды" деді.

Ол өз кезегінде "еңбек министрлігі кәсіпорын ашып, жұмыс орындарын құрумен айналыспайды" деп нақты жағдай бойынша министрліктің жауапкершілігін азайтуға тырысты.

Жаңаөзен қаласында қаңтардың соңынан бері жүздеген адам мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп, жергілікті әкімдік алдында наразылық акциясын өткізген. Бірақ кейін тұрғындар "қысымның салдарынан" наразылықты тоқтатуға мәжбүр болған.

Осы наразылыққа қатысқандардың бірі екі баланың анасы Амангүл Жаппасова 29 наурыздан бері Жаңаөзен әкімдігі алдында аштық акциясын бастап, қонып жүр.

"Мен билік айтқандай "алгоритмді бұз" деп талап етіп отырған жоқпын. 2019 жылдан бері жұмысқа орналаса алмай қалған ұлыма қатысты әділетсіздікті жоюды және өзіме жұмыс тауып беруді сұрап отырмын" деді мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана 31 наурызда Азаттық тілшісіне. Ол әлі аштық акциясын жалғастырып жатыр. Қазір тек су ішеді.

XS
SM
MD
LG