Ссылки доступа

Ресейдің әуе компаниялары Өзбекстанға "Сухой" ұшақтарымен рейс жасайды


Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты Батыс елдерінің санкцияларына ілінген әуе компаниялары Өзбекстанға Sukhoi Superjet 100 ұшақтарымен рейске шығады. Орташа қашықтыққа арналған бұл ұшақ Boeing пен Airbus лайнерлерін алмастырады.

Sukhoi Superjet 100 ұшақтары үш мың шақырымнан асатын қашықтыққа ұша алмайды.

Мұндай ұшақтармен Мәскеуден Ташкентке тікелей рейс жасау мүмкін емес.

Мамандардың айтуынша, ресейлік компаниялар сол себепті бұл ұшақтарды Өзбекстанға елдің оңтүстігінде орналасқан қалалардан рейс жасауға пайдалануды көздеп отыр.

28 наурызда ресейлік "Азимут" әуе компаниясы Краснодар, Ростов-на-Дону және Минеральные Воды қалаларынан Өзбекстанның Самарқанд және Үргеніш қалаларына тұрақты рейс ашуға рұқсат алғанын хабарлады.

Лоукостер бұл рейстерді Sukhoi Superjet 100 ұшақтарымен жүзеге асырады. Рейс бақыттары: "Ростов-на-Дону – Самарқанд – Ростов-на-Дону", «Ростов-на-Дону – Үргеніш – Ростов-на-Дону", "Краснодар – Үргеніш – Краснодар" және "Минеральные Воды – Үргеніш – Минеральные Воды".

Өзбекстанның азаматтық авация жөніндегі агенттігі ресейлік әуе компаняларына осындай ұшақтарды пайдалануға рұқсат берген. Рейстер қашан орындала бастайтыны әзірге белгісіз.

29 наурызда Ресейдің тағы бір әуе компаниясы - Redwings Махачкала қаласынан Ташкентке рейс ашқанын хабарлады. ТАСС агенттігінің мәліметінше, бұл компания да осы рейстерді Sukhoi Superjet 100 ұшақтарымен орындайды.

Бұның алдында ресейлік "Аэрофлот" әуе компаниясы Сочи қаласынан Үргеніш, Бұхара, Самарқанд, Ташкент және Ферғанаға Sukhoi Superjet 100 ұшақтарымен рейс жасайтынын хабарлаған.

Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Батыс елдері жариялаған санкциялар ресейлік әуе компанияларын ұшақсыз қалдырды десе болады. Соның салдарынан Ресей мен Өзбекстан арасындағы тұрақты рейстердің билеті қымбаттап кетті.

"Росавиация" мәліметінше, 980 лайнердің 750-і шетелдік компанияларға тиесілі. Батыс санкциялары жарияланған уақытта "Аэрофлот", S7 және Smartavia сынды ресейлік әуе компаниялары халықаралық рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Sukhoi Superjet-100 – КСРО ыдыраған соң Ресейде алғаш рет құрастырылған алғашқы жолаушы ұшағы. Ол әуеге бірінше рет 2008 жылғы мамырда көтерілді, 2011 жылы коммерциялық рейстерге шыға бастады.

XS
SM
MD
LG