Министрлік мәліметінше, 36 жастағы Шеров ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелерімен бірге милиция қызметкерлеріне шабуылдап, оларды жаралаған. Дегенмен Таулы Бадахшанның азаматтық белсенділері ұсталған азаматты адам құқықтарының сақталуын қалайтын күрескер деп сипаттады.
Манучехр Шеровтың анасы Фотима Имомназарова Озоди радиосына ұлын милиция ұстағанын растады. Оның айтуынша, 31 наурызда таңертең Ішкі істер министрлігінің Таулы Бадахшандағы басқармасындағылар оған хабарласып, ұлының ұсталғанын айтқан. "Олар маған ұлыммен жолыға алатынымды айтты", дейді Фотима Имомназарова.
Тәжікстан ІІМ баспасөз орталығының 31 наурызда жариялаған мәліметінде Хорог тұрғыны Манучехр Шеровтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. Бұған қоса, министрлік мәліметінде күдікті милиция қызметкерлеріне балтамен шабуылдады делінген.
Алайда Шеровтың туыстары оның қолында ешқандай балта болмаған деп отыр.
Таулы Бадахшан белсенділері мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен милицияны тұрғындарға қарсы заңсыз әрекеттер жасайды деп айыптап жүр. Билік бұны жоққа шығарып отыр.