Ссылки доступа

ҰҚК "Тоқаевқа қастандық жасауды көздеген шетел агентін" ұстағанын хабарлады


Бүгін, 3 сәуірде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласында "шетел барлау қызметінің агенті" ұсталғанын хабарлады. Комитет сайтындағы ақпаратқа қарағанда арнайы операция 25 наурызда болған.

ҰҚК ресми өкілі Әркен Әбдіғалидің сөзіне қарағанда, "шетел агенті Қазақстан президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған".

"Шетел агенті" онымен де тоқтамай, Әркен Әбдіғалидың айтуынша, "арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне террористік акт жасауды жоспарлаған".

- "Шетел агенті" әлеуметтік желіде Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофобтық көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаумен айналысқан,- дейді Әркен Әбдіғали.

Оның сөзінше, "шетел агентін" тінтігенде "дыбыс өшіргіші бар винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленген". Күдікті - Қазақстан азаматы. Ол "шетел агенті" ретінде жасаған қылмысын мойындаған, қазір үстінен Қылмыстық кодекстің 24 бабының 1-бөлігі және 255 бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Кемі 230 адам өлген биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұр-Сұлтан "бандиттер мен халықаралық терористерді" айыптаған, бірақ нақты дәлел келтіре алмаған.

Қазір ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен үш орынбасары "Отанға опасыздық жасады" деген айыппен қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG