Ссылки доступа

Тәліптер Ауғанстанда көкнәрға тыйым салды


Ауғанстанда билікке келген "Талибан" радикал қозғалысы апиынды көкнәрға тыйым салды. Тәліптердің жоғарғы лидері Хайбатулла Ахундзада осындай жарлыққа қол қойды.

Көкнәр алқаптары жойылады, ал заңды бұзғандар ширағат заңдарымен жауапқа тартылады, делінген жарлықта. Айта кетерлік жайт, Ауғанстанның көптеген аймағындағы тұрғындар көкнәрдан түскен табыспен ғана күнелтіп жүр. Олар тәліптер шығарған жарлықты орындамауы мүмкін.

Көкнәр апиын алу мақсатында өсіріледі. Кейін одан героин жасайды. Ауғанстан есірткінің осы түрін әлемге тарататын ел. Халықаралық қауымдастық 2021 жылғы тамызда билікке келген тәліптерден есірткі саудасын доғаруды талап етіп отыр. "Талибан" Ауғанстанның шетелдегі қаржы активтерін алу үшін ол талапты орындауға мүдделі.

БҰҰ мәліметінше, 2021 жылы Ауғанстанда апиын өндірісі сегіз пайызға артып, жеті мың тонна дейін жетті. Бұл әлемде өнідірлген апиынның 85 пайызы. Ауғанстанда апиын өндірушілер екі жарым миллиард доллар табыс тапқан болуы мүмкін. Шетелде одан да көп табыс түседі, деп есептейді ұйым.

Ауғанстандағы ауыр экономикалық жағдайға байланысты кедей шаруалар көкнәр өсіруге мәжбүр, өйткені ауыл шаруашылығы мәдениеті көп табыс бермейді.

XS
SM
MD
LG