Ссылки доступа

Дереккөз: Тәжік блогерінің анасы оппозициялық топпен байланысы барын "мойындаған" 


Шохида Мамаджонова

Тәжік блогері Шерзода Мамаджоновтың анасы Шохидаға қатысты тергеу ісі аяқталған. Ол Тәжікстанда тыйым салынған оппозициялық "Группа 24" тобымен байланысы бар деп айыпталып жатыр. Туыстары мұндай айыптаумен келіспейді. 

45 жастағы Шохида Мамаджонованың туыстары оны 3 ақпанда полиция бөлімшесіне шақырды, содан бері оралмады дейді. Бірнеше күн өткеннен кейін Шохиданың туыстары тиісті органдарға хат жазғаннан кейін, ішкі істер министрлігі оның қамауға алынғанын мәлімдеді.

Озоди радиосының дереккөзі Шохида Мамаджоноваға қатысты тергеу аяқталып, іс Душанбе қаласындағы Исмоили Сомони аудандық сотына жіберілгенін хабарлады. Сот отырысы 7 сәуірге белгіленген.

Дереккөздің хабарлауынша, Мамаджонова тыйым салынған топпен байланысы барын мойындаған. Дәлел ретінде ұялы телефонында мәліметтер табылған-мыс.

Блогер Шерзод Мамаджонов анасы өзі үшін қамауға алынғанын айтады. Оның сөзінше, оған билік өкілдері хабарласып, елге келіп, әлеуметтік желідегі мәлімдемелерің үшін кешірім сұрасаң, анаң бостандыққа шығады деген.

Блогердің анасы 5 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Блогер Шерзодтың өзі әлеуметтік желілерде "Абдурахмон 09" лақап атымен танымал. Ол қазір Германияда тұрып жатыр. Ол осыған дейін биліктің әрекеттерін ашық сынап келген.

XS
SM
MD
LG