Ссылки доступа

Үкімет шетелге заңсыз шыққан ақшаны қайтаратын комиссия құрды — әзірге Назарбаев әулеті аталған жоқ


Бүгін, 5 сәуірдегі премьер-министр Әлихан Смайылов төрағалық еткен отырыста Қазақстан үкіметі шетелге шыққан қаржыны қайтарумен шұғылданатын комиссия құрды.

Қазақстан үкіметінің хабарына қарағанда, комиссияда бес жұмыс тобы болады. Олар қаржының шетелге қалай шыққанын зерттеп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдау жөнінде ұсыныс әзірлейді.

"Шетелге заңсыз шығарылған қаржының ішінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің қаржысы да болуы мүмкін бе" деген Азаттық тілшісінің сауалына премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев та, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та нақты жауап бермеді. Олардың сөзінше, барлық жағдайды комиссия анықтайды, құқық қорғау органдары зерттейді.

Биыл 8 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен заңсыз ақшаға сатып алынған активтерді қайтару мәселесін көтеріп, үкіметке екі ай ішінде ұсыныс беруді тапсырған. Бірақ Тоқаев ешкімнің атын атап, қаржы көлемін айтпаған еді.

Оның алдында, 2 ақпанда парламент мәжілісінің отырысында "Қазақстан халқының ұрланған қыруар қаражатын елге қайтару" қажеттігі айтылған. "Ақжол" фракциясының мүшесі Мақсат Раманқұлов депутаттық сауалында “Панама тізімі”, “Райское досье” атты зерттеулерге сілтеме жасаған. 2016 жылы жарық көрген "Панама тізімінде" Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да аты аталған еді.

“Tax Justice network” халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз” дейді Қаржы мониторингі агенттігіне сауал жолдаған Мақсат Раманқұлов.

21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деп "жағдайды дереу өзгерту" қажеттігін айтқан.

Елде "миллионерлер, байлар" деген ұғымы көбіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен айналасындағы адамдарға қатысты қолданылады. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен маңындағы шенеуніктердің қызметтен алынғаны туралы ақпарат жиілеген.

2020 жылы Қазақстан үкіметі шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелден есепшот ашуға тыйым салып, жылдың соңына дейін Қазақстан азаматтарының офшорда есепшоты бар-жоғын тексеретін болған.

XS
SM
MD
LG