Ссылки доступа

Қазақстан 11 сәуірден бастап шекаралардағы шектеулерді алып тастайды


Қазақстан дүйсенбіден бастап өз азаматтары мен шетелдіктерге құрлықта орналасқан шекаралардағы шектеулерді жояды. Мұндай шешім тұрақты эпидемологиялық жағдайға байланысты қабылданды.

Жергілікті ақпарат құралдарының үкіметке сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстанның Ресеймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекараларындағы бақылау-өткізу бекеттеріндегі шектеулер алынады.

Бұған қоса, Қазақстанның мемлекеттік шекараларынан әуе жолдары арқылы өтуге қойылған барлық шектеу жойылады. Бірақ коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алғаны, ревакцинация туралы құжаттар немесе ПЦР нәтижесін талап ету сақталады.

Еске салайық, бұның алдында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қырғызстан азаматтары үшін құрлықтағы шекараны ашуын сұраған. Тоқаев бұл ұсынысқа қатысты тапсырманы құзырлы органдардың қарауына беретінін айтты, деп хабарлады қырғыз президентінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара 2020 жылғы көктемде коронавирус індетіне байланысты жабылған. Қырғызстан азаматтары көрші елге әуе жолдары арқылы ғана өтеді.

XS
SM
MD
LG